Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасында өткізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар, мемлекет пен қоғамды демократияландыру, сәйкесінше құқықтық жүйені қалыптастыру шаралары ғалымдардың тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын заңды тұрғыдан қорғау мәселелері жөніндегі ғылыми еңбектерін өзектендіре түседі. Тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерінің құрамына оның жеке өмірінің құқықтық қорғалуы да жатады. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы ҚР-ның Конституциясымен бекітілген фундаментальді конституциялық құқық болып табылады. Алайда, бұл құқық бірден конституциялық құқық ретінде танылған жоқ. Бұл құқыққа тән өзіндік тарихи даму кезеңінен өтті. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы туралы антикалық кезеңнен бастап айтылып келді. Бірақ заңнамалық бекітілуін тек XX ғ. ортасында тапты. Ең алғашқы рет БҰҰ-ның 1948 жылы қабылдаған Адам құқықтарының жалпы декларациясында көрініс тапты. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының қалыптасуында екінші бір маңызды халықаралық-құқықтық құжат 1966 жылы қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт болып табылады. Осы халықаралық-құқықтық құжаттар мемлекеттердің ұлттық заңнамасында жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының қорғалуына түрткі болды. Сонымен, 1995 жылғы 30 тамыздағы ҚР-сы Конституциясының 18-бабында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке немесе отбасы құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройының қорғалуына құқығы бар деп белгіленген. Бұдан ары қарай сөз болып отқан құқық салалық заңнамаларда бекітілді. Қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, азаматтық, әкімшілік заңнамаларында жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы тек қағида ретінде қарастырылды.
Алғаш рет 1997 жылы 16 шілдедегі Қылмыстық кодекспен жеке өмірге қолсұғылмаушылық қылмыстық-құқықтық қорғалды. ҚК-тің 142-бабымен жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. ҚР-ның заңнамасында жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының бекітілуі біздің тақырыбымыз дербес деректер және оларды қорғау саласында арнайы заңның қабылдануына алғышарт болды. ҚР-ның «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңы 2013 жылы 21 мамырда қабылданды. Осы заңның қабылдануымен бірқатар заңдарға өзгеріс енгізілді. Дербес деректер және оларды қорғау заңын бұзғаны үшін тиісті жауаптылықтар белгіленді. Мысалы, 2014 жылы 5 шілдеде қабылданған ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабы дербес деректерді қорғау заңын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіледі. Ал 2014 жылы 3 шілдеде қабылданған ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және ҚР-ның дербес деректер және оларды қорғау заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіледі. Заң шығарушының дербес деректерді қорғаудан туындайтын құқықтық қатынастарды бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеуі, бұл құқықтық қатынастардың маңыздылығын көрсетеді. Осы құқықтық қатынастарды бұзу қоғамға қауіпті қылмыстық құқық бұзушылықтар болып табылады. Аталған заң жобасын ұсыну кезінде ІІМ министрі Қалмұханбет Қасымов былай деді: «Тиісті құқықтық тетіктердің жоқтығы дербес деректерді қылмыстық мақсатта қасақана пайдалану, оның ішінде құжаттарды қолдан жасау, алаяқтық, заңсыз көшірмелемеу мен әртүрлі деректерді тарату сияқты қылмыстарға алғышарт жасайды». Көріп отқанымыздай, дербес деректерді заңсыз жинау, иелену арқылы басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалады. Бұл дербес деректерді қорғаудың маңыздылығын арттырады.
Жоғарыда аталған мән-жайлар дербес деректер және оларды қорғау мәселесін өзекті етеді. Біздің ойымызша, ҚР-ның дербес деректерін қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу арқылы мемлекет адамның конституциялық жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының кедергісіз жүзеге асуын қамтамасыз етеді.
Зерттеудің объектісі ретінде адамның конституциялық жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы және дербес деректерді қорғау саласындағы құқықтық қатынастар болып табылады.
Дипломдық жұмыстың мақсаты – жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының және дербес деректерді қорғауды құқықтық реттеудің ерекшеліктері мен мәселелеріне талдау жасау. Қазақстан Республикасында жеке өмірге қолсұғылмаушылық және дербес деректердің құқықтық қорғалу деңгейін анықтау.
Диплом жұмысының мақсатына сай мынадай міндеттер қалыптастырылды:
- жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы мен дербес деректерді құқықтық қорғаудың тарихи алғышарттары мен халықаралық-құқықтық қорғалуына шолу жасау;
- Қазақстанда дербес деректерді қорғау туралы заңнаманың қалыптасуын талдау және бүгінгі күнгі жағдайымен салыстыру;
- азаматтардың дербес деректерінің қылмыстық-құқықтық қорғалу мәселелерін қарастыру;
- жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және дербес деректерді қылмыстық-құқықтық қорғайтын Қылмыстық кодекстің 147, 211-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарына талдау жүргізу.
Дипломдық жұмыстың зерттеу тәсілдеріне мыналар жатады: нормативтік құқықтық актілерді, ғылыми және оқу әдебиеттерін, периодикалық баспа материалдарын талдау, салыстыру, логикалық және жалпылау тәсілдері.
Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы ретінде Қылмыстық кодекстің 147-бабы 1,2-бөліктерінің диспозицияларына өзгерістер енгізу туралы негізделген ұсыныстарды айтса болады. «Жеке өмір», «жеке құпия», «отбасы құпиясы» түсініктеріне анықтама беруге ұмтылыстар жасалды. Қылмыстық кодекстің 147 және 211-баптарын қылмыстар жиынтығында саралау мәселелері қарастырылды. Аталған мәселелер тәжірибе жүзінде заң шығару процесінде жүргізілген теориялық зерттеулер ретінде көмектесе алады. Ал қылмыстық құқық бұзушылықтарды жиынтықта саралау мәселесі қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізетін органдарға теориялық білім ретінде көмегін тигізе алады.
Осы уақытқа дейін жеке өмірге қолсұғылмаушылық және дербес деректерді қорғау мәселесін зерттеген ғалымдар: Г.Б. Романовский, М.В. Баглай, В. Новиков, А.Е. Жатқанбаева, Ф.А. Абаев, Ю.А. Лоскутов, Б.Н. Кадников, И.Л.Петрухин, И.С. Садикова, С.В. Баринов.
Дипломдық жұмысты жазу барысында жоғарыда аталған ғалымдардың ғылыми еңбектері және периодикалық баспа материалдарында жарық көрген мақалалары пайдаланылды.
Дипломдық жұмыс кіріпеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.
I Дербес деректердің қорғау тарихы және құқықтық негіздері