КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі: Рухани мәдениетіміздің зерттелу тарихын дәл мына уақыттан басталды деп басып айту қиын. Халықтық мәдениет қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге таратады. Сол сияқты рухани мұрамыздың жиналу,саралану,насихатталуы да тереңге тамыр созады.
Мәдениет – қоғамның өмір сүруінің қозғаушы күші. Қазақстанның мемлекеттік басшысы Н.Ә. Назарбаев: «... бүгінгі таңда біздің төл мәдениетіміздің міндеттерін өзіміз айқындай алатын мүмкіндігіміз бар. Оны шешу мәдени санаткерлеріміздің еншісінде екенін атап көрсетті. Қазақ мәдениетінің үш мың жылдық тарихы ұрпақтарға жалғастық пен сабақтастық арқылы жетіп отыр. Мәдениеттің басты таратушылары болған көшпенді ата-бабаларымыз рухани қазынаны ең биік құндылыққа қоя алғандықтан және өздері сол рухани құндылықты бойына жинақтай да білді. Қазіргі бізге жеткен ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптардың қайсысын алып қарасақ та осыны аңғарамыз. Кешеге дейін өткеніміз бен бүгінгіміз жалғастырған нәзік жіп үзілмей, ұрпақ пен ұрпақты байланыстырып келеді. Сәби кезімізден анамыздың әлдиі мен әжеміздің ертегісін тыңдадық. Демек, ұрпақтар сабақтастығы үзілген жоқ. Мәдениетіміз тірі, оған серпін мен ырғық керек. Ғасырлар бойы екшеленген мұраларды бір сәт те естен шығармаған абзал» - деген. [15.150]
Зерттеу жұмысының мақсаты: Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол- өзара қарым-қатынас нәтидесінде қалыптасатын ерекше құбылыс.
Зерттеу жұмысының міндеті: Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады.
Мәдениет - әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты.[15.15]
Мәдениеттің тұрақты жағы – мәдени дәстүр, соның арқасында тарихтағы адамзаттық тәжірибесіне сүйеніп, оны кемелдендіреді, дамытады.
Адамдар арасында келісім, ауызбіршілік, бірлік болмайынша, тұрақты дамуды бағдар тұтқан қоғамды қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан еліміз үшін басымдық танытушы идеяға айналған мәселе әлеуметтік-экономикалық қиындықтардан, әр түрлі тарихи кедергілерден мемлекетіміздің тұтастығын сақтай отырып, өркениетті елдер қатарына қосылу болып табылады.
Өнер – қоғамдық сананың ең көне формаларының бірі. Оның сананың басқа формаларынан, мәселен ғылым мен философиядан айырмашылығы сол, ғылым мен философия сыртқы дүниенің теориялық бейнесі, яғни олар теориялық ойлау болып табылса, өнер шындықтың көркем бейнесі болып табылады.
Өнер өте ертеде шықты. Алғашқы адамдар кейінгі ұрпақтарға тас балталар мен сүйектен жасалған найзалар ғана қалдырған жоқ, сонымен қатар үңгірлердің қабырғаларына салынған түрлі суреттер, балшықтан, тастан жасалған мүсіндер де қалдырған.
Өнер қалай пайда болды?
Буржуазиялық социологтары мен өнер теоретиктері әдетте өнерді «адам жанының құпия қасиетінен» немесе адамның туысынан бірге болатын «тамашалау сезімінен». Өнердің шығуы жөніндегі мұндай көзқарастың теориялық негізі философиялық идеализм екенін түсіну қиын емес.
Кейбір буржуазия теоретиктері өнердің негізін жануарлар дүниесінен, атап айтқанда, құстардың шырылынан, олардың түлеуінен, хайуанаттардың ойынынан тағы басқаны іздейді. Сөйтіп, өнерді адамның табиғатқа еліктеуі деп түсіндіреді.
Өнер де жалпыны бейнелендіреді, бірақ оны абстракция формасында емес, жинақталған жеке образ формасында немесе, өнер тілімен айтқанда, типтік образ формасында бейнелендіріледі. Шындықта жалпы типтік образ жеке нәрселерде ғана өмір сүруде, демек, жеке нәрселер арқылы көрінеді. Сондықтан өнердегі типтік образ дегеніміз жинақталған, жалпыланған образ. Бірақ ол жалпыланған типтік образ жеке образ арқылы бейнелендіріп көрсетіледі.[16.120]
Әдемілік, көркемділік адамның күнделікті өмірінде зор роль атқарады. Адамды қоршаған орта көркем болса, оның өзі адамды көңілдендіріп, еңбек пен өмір шабытын тудырады. Адам тек ғылым заңдарына сәйкес қана емес, «әдемілік заңы бойынша» да еңбек етеді деп атап көрсеткен болатын К.Маркс.
Өнер арқылы мәдениет өзінің тұңғиық тереңінде болып жатқан құбылыстерын дәп бір айнаға қарап көргендей, байқап отырады. Сондықтан да өнерді «мәдениеттің айнасы» деп анықтауда негіз бар. Нақты тарихи жағдайлар шеңберінде белгілі бір ұлттың, этностың мәдениетінде өнер аоқылы сол мәдениеттің әлемді және әлемдегі адамды түсінуін көреміз.
«Өнер» - мәдениеттің айнасы деп бекерде бекер айтылмаған. Ол мәдениеттің жаны, оның өзіндік танымының түрі. Сұлулық заңы бойынша адамның дүниені игеру барысында әдеби мәтіндерге, мүсінге, сәулет туындыларына, суреттерге, әуенге, биге және тағы сол сияқты негізделген өнер түрлері қалыптасады.
Өнерде үйлесімділік ретінде танылған кемелділік бейнесі жасалады. Өнер арқылы адамның әмбебаптылығы ашылады. Өнер адамның шексіз болмыстық сұрақтарына жауап табуға талпыныс барысында гуманистік принциптерді қалыптастырады. Нәтижесінде, өнер тек белгілі бір қоғамның даму нәтижелерін көрнекілеп қана қоймай, сонымен қатар, әлеуметтік-рухани өмірдің күйіне әсер ететіндігін білдіреді.
Бейнелеу өнері – дүниені көзбен көріп түйсіну негізінде бейнелейтін пластикалық өнердің бір саласы.[13.25]
Бейнелеу өнері негізінен кескіндеме, мүсін, графика жатады. Бейнелеу өнерінің белгілері архитектура, безендіру және қолданбалы өнерде көрініс табуы тиіс. Сондықтан шартты түрде оларды да бейнелеу өнері қатарына жатқызамыз. Сондай-ақ, театр, кино, теледидарға безендіруді, көркем дизайнды да бейнелеу өнері ретінде таниды. Бұл өнердің де негізінде адам, табиғат және заттық әлемді тұтастықта, бірлікте қарастыру жатыр. Бейнелу өнері дүниені байқау, бақылау, көру нәтижесінде оның көркем бейнесін жасайды. Әр ғасыр, дәуір, кезеңде пайда болды. Бейнелеу өнерінің туындылары өзіндік бейнелеу жүйесі мен көркемдік үндесудің түрлі типтерін құрайды. Бұл өнер танымдық, құндылық және қарым-қатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Уақыттық даму процесі басқа өнер түрлеріне (әдебиет, музыка, театр, кино) қарағанда бейнелеу өнерінде шектеулі, ол негізінен кеңістіктік ауқымымен ерекшеленеді. Суретші өз көзімен көріп,түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен көрсетуге ұмтылады. Өмір құбылыстары түптік жағынан таңдап алынып, заманның тірлік-тынысы жан-жақты көркемдік қуатпен беріледі. Бейнелеу өнерінің көркемдеу құралдарына сурет, түрлі түс, пластика, жарық пен көлеңке композициясы, ырғақ жатады [12.25].
I НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары
«Живопись, сурет, мүсін және сәулет өнердің биік шыңы, барлық ғылымның түп тамыры және живопись түрлерінің жанрлары руханиылықтың қайнар көзі» (Микеланджело) Кез келген қоғамның тарихи дамуы мен өркендеуі сол елдің өнері мен мәдениетіне тікелей байланысты. Оған дүниежүзілік деңгейге кеңінен танымал біртуар туындыларымен өз Отандарын әлемге паш еткен Леонардо да Винчи, Микеланджело, Пабло Пикассо, Ә.Қастеев сынды тағы басқа құдіретті өнер иелерінің қас шеберліктері мен атақ даңқтары дәлел. Сондықтан да өз халқының өмір тарихын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын нақтырақ зерттеп білу үшін, оның сан-салалы өнерін оқып үйренудің маңызы зор. “Ел болам десең, бегіңді түзе” деген нақыл сөзді Мұхтар Омарханұлы Әуезовтей ғұлама текке айтпаса керек. Бейнелеу өнері алуан қырлы да алуан түрлі. Онда жұмыс істеудің методтары мен техникасы туралы практикалық мағлұматтар берместен бұрын оның түрлері және жанрларымен танысқан жөн. ХІХ ғасырға дейін архитектура (сәулет өнері), скульптура (мүсін өнері) және живопись (кескіндеме) өнердің басты бір үш түрі болып есептеледі. ХІХ ғасырдың аяғына қарай өнердің бір түрі – графика (сурет, гравюра, литография) қызметтік және қосалқы түрден өнердің жеке және мүлдем дербес түріне айналды. Соңғы жиырма жылдықта өнердің дизайн сияқты түрі де өте айқын бейнесін тапты [6.49].
Архитектура Архитектура әрқашан да пластикалық өнерлердің ішінде ең бастысы болып келді. Ол дәуір идеясын мейлінше күшті білдірді және өз заманының басқа бейнелеу өнерлерінің – скульптура мен живописьтің стилін анықтап отырды. Мұның өзі әрі ұзақ жасайтын өнер: египеттік пирамидалар немесе американ үндістерінің ежелгі храмдары сан мыңдаған жылдар тұрып, бізге дейін жетті. Сонымен бірге бізге архитектураны өнер ретінде қабылдай көбіне қиын. Біріншіден, оның скульптуралар мен картиналардан айырмашылығы өте көп – ол ештеңені бейнелемейді және ештеңені суреттемейді. Екіншіден, архитектурамен біз күн сайын және сағат сайын ұшырасамыз – архитектуралық ғимараттарда өмір сүреміз, оқимыз және жұмыс істейміз, барлық уақытта архитектура арасында жүреміз де оны біздің өміріміз өтетін үйреншікті, табиғи дерлік орта ретінде қабылдаймыз. Музыканы біз қалаған уақытта тыңдаймыз: киноға немесе музейге керегінде барамыз. Ал архитектура онымен өнер ретінде қарым-қатынас жасауға бізде қажеттілік бар ма немесе жоқ па – оған қарамастан бізді үнемі қоршап тұрады. Архитектура – бұл адам қызметінің ерекше түрі, мұнда техника мен өнер, пайда мен әсемдік бірге өрілген. Және де архитектура тікелей ештеңені бейнелемегенімен және суреттемегенімен, ол, бәлкім, бейнелеу өнерінің барлық түлерінің ішінде мейлінше әсерлі, біздің сезімімізге әсер етуге мейлінше қабілетті өнер болып табылады. Дарынды архитектор жасаған әрбір құрылыста, әрбір ғимаратта өзіндік бет-бейне бар, оған ерекше көңіл күй берілген. Скульптура Мүсін өнері – бұл еш толқымастан бейнелеу өнері деп атауға болатын өнер: ол шынында да адамдарды, хайуандарды, түрлі заттарды бейнелейді. Оның архитектурамен ортақ жайты бар: оның басты әсерлілік құралы – аумақты форма және ол да қатты әрі ұзақ сақталатын материалдардан – ағаштан, тастан, металдан жасалады. Бюст, статуя немесе бейнелер тобын жасау үшін көп уақыт және көп еңбек, әсіресе скульптураны тастан шапқан кезе, тіпті жай дене күшінің өзі көп қажет. Оның есесіне ол, архитектура сияқты, ұзақ сақталады, сондықтан көптеген скульптуралық туындылар ғасырды емес, мыңдаған жылдарды басып өтіп, мысалға, ежелгі Мысырдың патша әйелі Неферититидің басы сияқты, күні бүгінге дейін біздерді толғандырып, тамсандырып келеді. Скульптураның әсерлілік құралдары графикамен және әсіресе живописьпен салыстырғанда өте шектеулі: мүсінші композицияға қоршаған ортаны кіргізе алмайды, кеңістік тереңдігін бере алмайды, бәрі де фигуралардың өзімен – олардың формаларының жинақталуымен немесе өңделуімен, қимылымен, материалмен, фактурамен білдірілуі тиіс. Живопись Живопись дегеніміз — әр түрлі бояу түрлерімен жазықтык, бетінде орындалатын көркем шығарма. Живопись атауы орыстың «живой писать» деген сөзінен алынған, яғни көріністер мен нәрселерді өмірдің өзіндегідей жанды етіп жазу деген мағынаны білдіреді.Живопись бейнелеу өнерінің аса дамыған түрі болып табылады.Живопись суреттері қағазға, картонға, тақтайға, кенепке, т. б. салынады. Негізінен қолданылатын бояу түрлері: акварель, гуашь, темпера, майлы бояу, пастель, сангина және т. б. Живопись — бұл майлы бояулармен жасалған және багет рамаға салынған, біз музейлерде қызықтайтын картиналар ғана емес. Кескіндеме ұғымы кең әрі мейлінше сан алуан техниканы қамтиды, мысалы, түрлі сулы бояулармен — темперамен, гуашьпен, акварельмен салынган ЖИВОПИСЬ болады. Тіпті аздап боялған суретке (пастель) ауысатын КЕСКІНДЕМЕ бар, жартылай гравюра КЕСКІНДЕМЕ (МОНОТИПИЯ) бар.[3.22]
Живопиь – бейнелеу өнерінің неғұрлым бай әрі толысқан түрі, онда бейнелеудің сан алуан мол құралдары қолданылады. Суретшілер өнердің ұшы-қиырсыз осы саласына көбіне өздері сүйген әуендер мен тақырыптарды таңдап алады. Біреулер портреттер жазғанды ұнатса, екіншілері пейзаждарды, үшіншілері тарихи, соғыс немесе тұрмыстық көріністерді бейнелеуге құштар. Бейнелеу өнерінің бұлай сапталуы жанрларға бөлінуі деп аталады. Жанр сөзі француздың түр немесе тек сөзінен шыққан. Живописьте мынадай жанрлар бөлінеді: натюрморт, пейзаж, портрет және тақырыптық картина. Айта кету керек, соңғы жанр көбінде жанр делінеді, ал картиналар жанрлық картиналар деп аталады. Пейзаж (француз сөзіне шыққан) – бұл ландшафты, табиғатты бейнелеу. Пейзаж дербес жанр ретінде, Қытайда, Жапонияда және басқа Шығыс елдерде (VII-VIII ғасырларда) Европадағыдан ертерек қалыптасты. Европалық живописьте ол XVII ғасырда, алдымен Италияда пайда болды, ал содан кейін Голландияда ерекше жоғары дамыды. Орыс өнерлерінде пейзаждың гүлденуі XIX ғасырдың саңына тұспа-тұс келеді. (И.Левитан, К.Коровин, Н.Рерих және басқа да көптеген суретшілер). Пейзаж – қайсыбір жерлерді жай айнытпай бейнелей салу емес, онда суретшінің сезімдері мен ойларын берудің үлкен мүмкіндіктері жатыр. Адым өмірімен салыстырып қарағанда табиғат өмірі мәңгілік сияқты болып көрінеді. Бұл торлаған аспан, теңіз толқындары, ормандар мен таулар жүздеген, мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, сондай күйінде қалады. Бірақ осы бір өзгермейтін табиғатты алуан дәуір суретшілері түрліше көріп, түрліше бейнеледі. XVII ғасырдағы голланд суретшілерінің картиналарында теңіз үнемі дерлік романтикалық сарынсыз болып келеді, олар табиғат сұлулығын іңкәрлікпен қызықтауға бейім емес. Олар үшін теңіз – сауда мен жұмыс орны, тіршілік қарекетін іздестіретін кеңістік. Айвазовский жұмыстарында теңіз - әрдайым дерлік үрейлі дүлей күш, мөлдірлеу құпия сырлы тұңғиық. Орасан зор толқындар қия жартастарға лап қояды. Адамдар, тіпті кемелердің өзі де – осынау қаһарлы, өлшеусіз қуатты стихияда өте кішкентай, дәрменсіз де қорғансыз. Оның картиналары әсем стихияда деген тәнтілікке, романтикалық сүйіспеншілікке бөленген. Бір табиғи мотивтің өзі суретшінің қылқаламынан мүлде басқа толысуға, басқаша түске ие бола отырып, шебердің талғамын, көзқарастарын, көңіл күйін береді. Портрет. Бұл жанр басқалардан бұрын пайда болды – үш мың жылдан астам уақыт бұрын жасалған скульптуралық египет портреттері, екі мың жыл бұрынғы мозаикалық Рим және темпералық фаюм портреттері белгілі. [6.55]
Адамдар әрдайым өз бейнемін көгісі келді, ал ежелгі египеттіктер тіпті қайтыс болған адамның жаны портретке көшеді екен деп есептеді. Үлкен шебердің шабытты қолымен жазылған әрбір портрет шынында да рухтанғандай болады, портретке түсірілген бет-әлпетте ой, қайғы-күйініш, қуаныш, күрделі және кейде қиын бүкіл өмір жолының көрінісі жатады. Портреттің бірінші және қажетті сапасы – оның түпнұсқасымен ұқсастығы. Бірақ бұл, математиктер айтатындай, қажетті, бірақ жеткіліксіз шарт. Адамның сыртқы белгілерінің арғы жағынан біз бейнелеушінің ой-арманын, қуаныш-күйінішін, ішкі жан дүниесін тап басып, сезінуге тиіспіз. Біз суретшінің оған қатынасын да сезінуге тиіспіз. Тақырыптық картина - өмірді, адамдардың өзара қарым-қатынасын көрсететін қандай да бір шын мәніндегі немесе фантастикалық көріністі бейнелейтін картинаны осылай атайды. Мұндай картиналар тарихтан бұрынғы замандардан өз бастауын алады – жартастар мен үңгірлерден алғашқы қауым адамның аң аулау сәтін және басқа да іс-әрекет түрлерін бейнелеген суреттер көптеп табылуда. Ежелгі Египет, Греция мен Рим заманына қабырғаға салынған живописьтің тамаша үлгілері бізге дейін жетіп отыр. Бірақ станоктық тақырыптық картина (яғни архитектурамен байланысты емес картина) тек Ренессанс дәуірінде ғана пайда болып, кең өріс алды. Тақырыптық картина даму үстіндегі әрекетті көрсетеді: оған көз тастай отырып, бейнелеген сәтке дейін не болғанын және одан кейін не болатынын көрермен ойша сараптай алады немесе И. Крамской айтқандай, «холсты түсіндіру үшін екіншісінің қажеті жоқ». Натюрморт та, пейзаж да, портреттер де тақырыптық композицияның құрамдас бөлігі болуы мүмкін. Тақырыптық картина болмысты мейлінше толық және терең бейнелеп көрсетеді, оның мүмкіндіктері шексіз әрі әр алуан: ол тым үлкен және өте кішкентай болуы, сан қилы техникалық құралдармен жасалуы, аса ұлы әлемдік оқиғалар туралы тұлғалы баяндауы немесе тұрмыстық көріністі бейнелеуі мүмкін. [3.58]
Графика. Бұл ұғым суретшілер іс-әрекетінің өте кең және сан алуан шеңберін қамтиды. Живописьтен ерекшелігі сол, графикамен біз барлық жерде кездесеміз. Кітаптағы иллюстрациялар, газеттегі суреттемелер мен карикатуралар, түрлі товарлардың орауыштарын безендіру, көшедегі плакаттар – осының бәрі графика неғұрлым шартты, ол түстер мен формалардың бүкіл байлығын бере алмайды, графика оларды жеңілдете отырып, ең негізгісін таңдап алады. Графика өнерінің живописьпен кейбір белгілері ортақ: онда да жазықтық үстінде бейнелеу орын алады. График,живописьші сияқты, перспективаны меңгеруге, анатомияны білуге, сурет сала білуге тиіс. Бірақ егер живописьте түс және ол жасаған колорит бірінші орында тұрса, ал сурет қажетті, бірақ әйтсе де көмекші роль атқарса, графикада суреттің рөлі шешуші, мұнда ол өнердің дербес түріне айналады. Графикада сызықтар, штрихтар, ашық және қара қоңыр дақтардың ара қатынасы жетекші маңызға ие болады. Рас, графика өнерінің кейбір түрлерінде түстер де пайдаланылады, бірақ оның рөлі, әдетте, шектеулі, қызметтік дәрежеде ғана болып қалады. Ең сараң графика – заттардың тек нобайы ғана беретін сызықтық сурет бірақ мұндай сараң сурет те көп нәрсені – адамның типін, характерін, қимылын бере алады. Суретшінің көзбен дәл өлшеуі, мінсіз талғамы және сенімді қолдары сызықтарға болмашы ауытқулар бере отырып, оны аздап жіңішкерте немесе жуандата отырып, оған түрлі характер береді. Форманы «пішіндеуге», жарық пен көлеңкені және бір жағынан заттың фактурасын беруге қабілетті штрихтық суреттің мүмкіндіктері үлкен. Сурет түстермен боялуы да мүмкін әдетте бұл акварельмен немесе пастельмен жасалады. Бұл живопись емес, заттардың түстік сипаттамасына жасалған ишара ғана, басты міндет форманы беру болып қала береді. Графикаға гравюралардың барлық түрлеріне жатады, суреттерден айырмашылығы сол, оларды көп дана етіп көбейтуге болады. Гравюралар сондай-ақ ақ-қара және түрлі-түсті болады. Түрлі-түсті гравюралар бірнеше тақталардан басылады. Гравюралардан басқа, графика өнерінің тағы бір түрі – литография да көбейеді. Бұл – бетіне тікелей сурет салынған ерекше жалпақ тастан басып шығару. Литография ақ-қара және түрлі-түсті болады. Графикалық өнердің ең көп тараған түрі – плакат. Оның түрлері аз емес, бірақ олардың ішіндегі ең бастысы – қоғамдық өмірде елеулі роль атқаратын саяси, үгіт плакаты. Сатиралық графика – карикатура да бүгінгі өмірде айтарлықтай роль атқарады. Олармен біз, газеттің немесе журналдың кезекті санын аша отырып, күн сайын ұшырасамыз. Графика үшін тұтас алғанда қолданылған түстің шарттылығы, образдың жалпылығы, әсірелеу мен символика тән. Графика өнерінде живописьпен және скульптурамен салыстырғанда сыртқы ұқсастықтан едәуір ауытқуға жол беріледі. Қолданбалы өнер. Қолданбалы өнер деп эстетикалық сапарларға ие, өзінің әдемілігімен біздің көзімізді қуантатын практикалық пайдалы заттар жасауды айтады. Бұл өнер өзінің табиғаты жағынан архитектурамен туыстас: онда пайда мен әсемдік бірігіп жатады. Қолданбалы өнер халық творчествосымен ерекше тығыз байланысты. Қазіргі заманғы суретшілер халық дәстүрлерін ой елегінен қайта өткізіп, творчестволықпен қайта өңдей отырып, оларды жаңа материалдарға – пластиктерге, резеңкеге бейімдейді. Резеңке ойыншықтарда да форма барынша жалпыланған, бірақ өзінің фактурасы ерекше – жұмсақ, жылтыр болып келеді. Ал оның үрлеген кезде жалпақ нәрседен аумақты нәрсеге айналуының, әдеттегі табақшадан таныс аңның томпақ формасына ауысуының өзі неге тұрады. Дизайн. Дизайн мейлінше сан алуан машиналарды безендірумен, оның өзінде де жасанды жолмен ойластырылған безендірумен емес, олардың конструкциясымен және атқаратын қызметімен логикалық сабақтастықта безендірумен айналысады. Заттың техникалық жетістіктері мен атқаратын қызметін баса көрсететін сыртқы сұлулыққа инженер-конструктор мен суретшілер мен дизайнерлердің бірлескен төзімді еңбегімен қол жетеді. Мысалы, қазіргі заманғы самолеттің немесе автомобильдің тамаша формасын жасау үшін оның техникалық құрылысын ғана емес, сонымен бірге осы машина дамуының тарихи жолдарында да терең зерттеу қажет.