КІРІСПЕ
Орта ғасырлардағы Батыс Еуропаның мәдениеті
Ортағасырлық Еуропаның көркем өнер мәдениеті
ОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі КМҚК «Бизнес және сервис колледжі»
Реферат
Тақырыбы: Орта ғасырлардағы Батыс Еуропаның мәдениеті. Ортағасырлық Еуропаның көркем өнер мәдениеті.
Орындаған: Дынғазыева Б.А.
Тексерген Нұрлыбекова А.А.
Семей қаласы
КІРІСПЕ
Орта ғасырлар — эллиндік-классикалық мәдениеттің құлдырау шегіне жетіп, ал одан кейін оның жаңа заманда қайта түлеу кезеңімен сәйкес келетін, ұзаққа созылған біртұтас мәдени дәуірді қамтиды. Орта ғасырлар мәдениетінін қайнар бұлағы — «романдық бастаудан» нәр алатын Батыс Рим империясының мәдени дәстүрлері болып саналады. Олар құқық, ғылым мен өнер, философия, жоғары құқықтық мәдениет, христиан діні және т.б. Бұл мәдени дәстүрлер римдіктердің «варварлармен» күресі кезеңінде тереңдей түсіп, Батыс Еуропаның пұтқа табынушы көптеген тайпаларының мәдени өмірінде өз жалғасын тапты. Мұндай мәдени тоғысулар Батыс Еуропалық ортағасырлар мәдениетінің қалыптасып одан әрі дамуына даңғыл жол ашып берді. Мәдениеттанушы ғалымдар көне заманнан бастап жаңа заманға дейін созылатын уақыт шеңберін ортағасырлар деп атайды. Бұл тарихи кезең бір мың жылдан астам уақытты қамтиды, яғни V ғасырдан бастап XV ғасырға дейін созылады. «Орта ғасырлар» деген термин алғаш рет Италияда Қайта өрлеу дәуірінде пайда болған. Итальян гуманистері бұл терминді бір жағынан «ежелгі дүние» мен «жаңа заманның» ара жігін анықтау үшін де қолданған. «Орта ғасырлар» терминінін сол бір тарихи кезеңде қалыптасқан мағынасы біздің заманымызда да өз мәнін жойған жоқ.
Егер ХІХ ғасыр антикалық мәдениетке бас ұрып, оны тамсана мадақтаса, біздің ғасырдың мемлекеттері V-ІV ғасырлардағы Византия мәдениетіне тәнті болды. Әсіресе бізге 260 жылға жуық үстемдік еткен орыс халқы Византия мәдениетін көкке көтере мақтап, оны жан-жақты зерттеп, білуге күш салып келеді. Себебі Византия - славян әлемінің ұстазы. Оңтүстік және Шығыс славяндарындағы жазу оларға Византиядан келді. Барлық мәдениет атаулының атасы іспеттес дін де шығыс славяндарына сол Византиядан келгенін мектеп оқушылары да жақсы біледі. Әйнек жасау, храмдар салу істерін де орыстар Византиядан үйренді.
Мәдениет тарихын, оның өзекті мәселелерін жете білу - қоғам дамуын табысты басқару кілттерінің бірі. Яғни, мәдениет тарихын жете білу - қоғам дамуының болашағын дұрыс болжай білу кепілі. Сондықтан да орта ғасырдағы Батыс Европа мәдениетін, оның қоғамдық-саяси және әлеуметтік қатынастарын шешу тәжірибесін үйрену өз тәуелсіздігін 260 жылдан соң қайта алған көп ұлтты біздің республикамыз үшін өте маңызды мәселе деп пайымдауға болады.
Бірақ өкінішке орай бұл маңызды мәселе ғылыми-зерттеу еңбектерінде өз шешімін дәл тапқан жоқ. Сол себепті біз бұл жұмыстың тақырыбы етіп
Бұл мәселеге арналған еңбектер баршылық. Бірақ олар тек орыс тілінде жарық көрген еңбектер.
Орта ғасырлардағы Батыс Еуропаның мәдениеті
Мыңжылдық «Орта ғасырлар» дәуірі негізінен үш кезеңнен тұрады. Бірінші, «Бастапқы Орта ғасырлар кезеңі» — дәуір бастауынан басталып —ХХІ ғасырға дейін созылады; екінші, Жоғарғы (классикалық) кезең XI ғ. мен XIV ғ.; ал үшінші, «Кейінгі орта ғасырлар кезеңі» — XIV ғ. және XV ғ. аралықтарын қамтиды.
Бастапқы орта ғасырлар кезеңі — Еуропада буырқанған әрі мәнді процестерге толы сындарлы кезең болды. Бұл тарихи өзгерістер, ең бірінші кезекте біздің заманымыздың екінші ғасырынан бастап-ақ Рим империясын шапқыншылық әрекеттеріңен мазалай бастаған варварлардың («варда» — сақал деген сөзінен шыққан) жойқын шапқыншылықтарымен тығыз байланысты болды. Бұл қақтығыстар Рим империясның 476 ж. құлауымен аяқталды. Варварлардың жеңісі римдік региондарды жай ғана жеңу емес еді. Ендігі жерде тарихтың жаңа беті басталып, көне қоғамдағы абыржушылық пен бейберекетсіздік одан әрі күшейе түсті.
Жаңа батыс еуропалықтар Рим империясының мемлекеттік дініне айналған христиан дінін қабылдады. Сөйтіп, Рим империясының барлық жерінде қалыптасқан пұтқа табынушылықты жаңа дін біртіндеп ығыстыра бастады және бұл процесс Рим империясы құлағаннан кейін де толастамады. Бұл жағдай — Батыс Еуропадағы Бастапқы орта ғасырлар кезеңінің бет-бейнесін айқындаған маңызды тарихи процесс болды.
Осы бір тарихи кезеңдегі ерекше жағдай — бұрынғы Рим империясының территориясында «варварлардың» жаңа мемлекеттік құрылымдарының қалыптасуы болып табылады. Шындығына келетін болсақ, сансыз гот, франк және т.б. тайпаларды «тағылар» деп айтуға да болмайтын сияқты, өйткені дәл осы кезенде олардың көпшілігінде мемлекеттік құрылыс белгілері айқындалған болатын. Олар сонымен қатар әскери демократия принциптерін жетік меңгерді, егіншілікпен, қол өнермен металлургиямен шұғылданды. Тайпа көсемдері өздерін корольдер, герцогтер және т.б. деп жариялады. Мысалы, франктердің королі Ұлы Карл 800 жылы бүкіл батыс еуропалық елдердің императоры деп жарияланды. Қазіргі Францияны, Германияны, Бельгияны, Голландияны, Солтүстік Италияны, Солтүстік Испанияны өзіне қосып орта ғасырлық бірінші зор империя құрған Ұлы Карлдың тарихи күресінде адам қаны көп төгілді. Ұлы Карл билік құрған кезеңді кейде «каролингтік қайта дәуірлеу кезеңі» деп те атайды. Мұндай атақтың берілуінің себебі, Карл империясының ежелгі Рим мәдениетін жандандыруға бағытталған шараларынан болса керек. Ерекше атап өтетін бір жәйт, Ұлы Карл ағарту ісінің қажеттілігін түсінген және оны дұрыс жолға қоюға тырысқан көрнекті тұлға болған. Ол өзі бас болып негізін қалаған мектепте оның ұлдарымен бірге ақсүйек балалары түрлі ғылым салаларын, оның ішінде риториканы, поэзияны, диалектиканы, астрономияны және т.б. оқып үйренді.
Кейіннен, яғни 900 жылы қасиетті Рим империясы сансыз графтықтарға, герцогтықтарға, епископтықтарға, аббатықтарға бөлініп кетті де, қоғамда бейберекетсіздік туды. Олардың билеушілері өздерін тәуелсіз қожайындар санап, императорларға да, королъдерге де бағынуды қажет деп санамады. Бірақ, елдің бірлігіне нұқсан келтіретін мұндай келеңсіз көріністерге қарамастан мемлекеттік құрылымдардың қалыптасу процестері одан кейінгі кезеңдерде де тоқтамады. Әрине, ғасырлар бойы талай аласапыранды басынан кешірген тонаушылық пен басқыншылық орын алған мұндай мемлекетте экономикалық және мәдени дамуға нұқсан келетінін ешкім де жоққа шығара алмас. Ал бұл жағдайлар, өкінішке орай, бастапқы Орта ғасырлар кезеңінің өзіне тән ерекшелігі болды.
Бірақ, классикалық дәуірде орта ғасырлық Еуропа бұл қиындықтарды жеңе отырып, қайтадан жаңара бастады. Х ғ. бастап феодализм заңдары бойынша жүзеге асырылған ынтымақтастықтың нәтижесінде ірі мемлекеттік құрылымдар құрылды және қуатты армияларды жинақтауға мүмкіндік туды. Осы сияқты қоғамдық өмірде жүзеге асырылған шаралар, мәдениеттің алға басуына қолайлы жағдайлар туғызды. Қалыптасқан біршама тұрақтылық қалалардың көркейіп, жалпы еуропалық экономиканың дамуына қолайлы жағдайлар жасады. Батыс Еуропаның саяси-мәдени өмірі түбегейлі өзгерістерге ұшырады, қоғам варварлық сипатынан айырылып, қалаларда рухани өмір гүлдене бастады. Рим империясына қарағанда еуропалық бірлестік тұтастай алғанда әлдеқайда бай, әрі өркениетті болып шықты. Мұндай мәдени алға басушылық христиан дінімен тығыз байланысты болды, өйткені мемлекет дінге арқа сүйеді. Өз кезегінде христиан шіркеуі де өз ұйымдарын нығайтып, христиан дінін жан-жақты жетілдіре берді. Ежелгі римнің және бұрынғы варварлық тайпалардың мәдени-көркемдік дәстүрлерін дамытып жетілдірудің арқасында романдық және одан кейін жасампаз готикалық стильдер қалыптасты. Сөйтіп, өнердің театр, музыка, әдебиет, сәулет өнері, кескіндеме, мүсін өнері сияқты салалары жаңа түр, жаңа мазмұнға ие болды. Дәл осы кезеңде француздардың алғашқы ұлы поэтикалық шығармасы — «Роланд туралы жыр (XII ғ.)» шығарылды. Дүниежүзілік әдебиеттің асыл мұрасына айналған бұл тамаша туындыда рыцарлық ерліктер барынша мадақталып, монархқа вассалдық, дәріптелді. Батыс еуропалық ғалымдардың ежелгі гректер мен эллиндік философтардың, әсіресе Аристотельдің ғылыми еңбектерімен танысуы — ғылым жолындағы табанды ізденістердің бастамасы болды. Соның нәтижесінде орта ғасырлық философиялық ұлы жүйе — схоластика пайда болды.
Кейінгі орта ғасырлар дәуірінде классикалық кезеңнен басталған еуропалық мәдениеттің қалыптасу процесі одан әрі жалғасты, бірақ оның даму барысында толып жатқан қиындықтар мен кедергілер кездесіп отырды. Тек XIV—XV ғасырлардың аралығында ғана Батыс Еуропа бірнеше апатты аштық жылдарын бастан кешірді. Бубондық сүзек («Қара өлім») сияқты эпидемиялардың салдарынан халық жаппай қырғынға ұшырап отырды, ал мұндай қасіретті жағдайлар өз кезегінде мәдениеттің дамуына өз әсерін тигізбей қойған жақ. Ұзаққа созылған жүз жылдық соғыста халық әбден титықтап, мәдениеттің дамуы тежелді. Бірақ, дәл осындай сындарлы кезеңде де қалалар өркендеп, ауыл шаруашылығы мен сауда, қолөнер ұдайы даму үстінде болды. Рухани өмірдің жандануына, ғылымның, өнердің, философияның және т.б. жаңа арнамен дамуына қолайлы жағдайлар туды. Мұндай алға басушылықтың көптеген көріністері, әсіресе Италияда байқалды. Сондықтан да болар, Италия ұлы Мәдени төңкеріс — Ренессанс мәдениетінің орталығы болды.