Лекции.Орг


Поиск:




Төртінші көрініс

Ыз

Жігіт

Сурет адамдар

Оқиға көз ішінде өтеді. Адам көзінде сақталып қалған өмірдің әрбір сәттері біздің санамыздан тыс Сурет күйінде ғұмыр кешеді.

Бірінші бөлім

Бірінші көрініс

Сахна- көздің іші. Айналаның барлығы ақ қағаздарға салынған суреттер (картиналар). Әртүрлі Адамдар, оқиғалар, көріністер сахна айналасын картиналар арқылы қоршап тұр. Көздің дәл ортасында орындықта сары көйлекті қыз отырады. Қыздың алақанына төбеден тамшы ағып түседі.

Қыз: Жиырма бес мың екі жүз алпыс екінші тамшы. Жып -жылы. Сыртта қатты жаңбыр жауып тұр. Мынаның төбесі тесік. Содан сорғалап ағып тұрған тамшылар. Жоқ, бұл мүлде олай емес. Жаңбыр тамшысы болса жаңбыр тоқтағанша үздіксіз ағар еді ғой. Ал бұл тамшы анда -санда, әбден күттіртіп, сарғайтып барып ойламаған жерден сарт ете түседі. Бірде ыстық, бірде сап- салқын, көбінде орындығымды былғайды да кетеді. Мен бұны ешқашан түсіне алмаспын.

Қыз орындығына шығып, төбесіне қарайды.

Қыз: Ештеңе көрінбейді. Бірақ бір тесік бары анық қой. Шынымен төбеде бір тесіктің бары анық, шығып кетуге болатын шығар мүмкін. Бұрын қалай ойламағам, қазір.

Жерге секіріп түсіп, айналасынан биіктеу бір зат іздей бастайды.

Қыз: Осы суреттерден басқа бірдеме көрінеме, жоқ па, жынды боп кететін шығармын, жоқ, түсінбеймін неге әлі жынды боп кетпей қалай жүрмін, ештеңеге ақылым жетер емес, басым бар, миым қайда?! Жоқ, мен не іздеп жатыр едім, биіктеу бір зат керек.

Сахнаны айналып, әр жерді бір түртпектеп шығады.

Қыз: Құрып кетсін бәрі, осы суреттерден басқа бірдеме көретін күнге жетем бе, жоқ па? Жооо, жоқ тиіспе, мен бұларға қол тигізуіме болмайды. (суреттерге бара жатқан қолын тартып) Орындығына кеп қайта отырады.

Қыз: Қандай төбе, ештеңе көрінбейді! Мұнда баспалдақ тұрғызсам да жете қоймаспын. Қуыстай бір саңылау көрінсе ғой. Жоқ. Ештеңе жоқ, бәрі бекер.

Орындығынан секіріп түседі тағы.

Қыз: Тыныштық, тыныштық, тағы тыныштық, тыныштық, тыныштық…... Бітпейтін, шексіз тыныштық.

Орындықтың жанына кеп төбесіне қарайды.

Қыз: Ей, тамшы! Өтінем, тағы тама берші, міне, менің орындығымның үстіне

тама бер, мен оны сүртіп әуре болайын. Шын айтам, сенің дауысың сондай әдемі естіледі, мына әлемдегі ең ғажап үн мына сенікі сияқты. Сенің дауысың мені азда болса үміттендіреді. Әйтеуір бір үн, дыбыс естудің соншалықты таңғажайып екенін сен білсең ғой. Ей, мен сені күтіп тұрмын деймін!

Орындыққа сүйеніп жерде отырады.

Қыз: Жоқ, қалай түсінбейсің, сен қозғаласың. Сен менің алақаныма тамғанда мен өзімнің тірі екенімді, бірдеме сезетінімді біліп, қандай қуанатынымды айтып жеткізе алмаймын. Жоқ, бұл не, мен түсіне алмаймын. Бұның ақыры қашан бітеді? Білесіңбе, тамшы, сен ағып түскен сайын уақыт жақындағандай болады. Менің жерге оралатын кезім келгендей үміттенем.

Орнынан ұшып тұрып, ілулі тұрған картиналарға қарай бастайды. Күліп тұрған әйел адамның суретіне жақындап келеді.

Қыз: Сіз кімсіз? Неге рахаттанып күліп тұрсыз? Дауысыңызды шығарып күле салуға болмайма? Осылай қатып тұрғаннан бір уақыт болсын шаршамайсыз ба? Сізде гөрі мен қозғалам, өтірік болсын айқайлап күлем, жылаймын, әйтеуір осылай қозғалып жүрем ғой. Жарайды, түк естімейсіз ия, бәрібір қанша айтсам да ма? Ия, солай екенін көріп тұрмын. Сізден гөрі бақытты сияқтымын шамасы.

Екінші суреттің жанына барады. Қыз бен жігіттің құшақтасып тұрған суреті.

Қыз: Сіздер де шаршамайсыздар, әлі құшақтасып тұрсыздар, бір- бірінің бетіне бір рет болсын қараса қайтер еді, мүмкін бір- бірін танымайтын адамдар шығар. Қанша уақыт өтті, бұл екеуі әлі тұр. Жабысып қалған шығар мүмкін, білмеймін ғой енді.

Суреттердің бәріне бір қарап шығады.

Қыз: Бәрі сол баяғы қалпы. Біреуі ыржиып, біреуі тыржиып қатып сол күйі тұр. Қаншама уақыт өтті білмеймін, жылдар, ғасырлар, мен де сол сары көйлекпен әлі тұрмын.

Сахнаның ортасында ала сызықтар бар. Қыз сол ала сызықтармен жүріп өтеді.

Қыз: Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жетінші! ПАУЗА.

Ойланып қалады.

Қыз: Жоқ, бұлай емес, мен ол кезде өте көңілді болғам. Болмайды, қайтадан.

Ала сызықтардан қайтадан аттай бастайды.

Қыз: Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жетінші! Мен осылай өте көңілді келе жатқам. Кенет мен оң жағыма жалт қарадым. Қатты жылдамдықтағы көлік әрең тоқтады. Белгісіз адам маған қарады, мен оған қарадым. Қап- қара көздер болатын. Менің бүкіл барым, бүкіл өмірім осы ала сызықтарда қалып қойғаны ма? Жоқ, мен осылай деп мың, миллион рет ойлаған шығармын. Жоқ, қалып қойған жоқ. Онда не? Бәрібір де қалып қойған жоқ. Міне, осы жетінші сызыққа келгенде мен оның көзіне еніп кеттім. Бірақ мен дәл осы жетінші сызық бойында оны күтем. Ол мені қайта тағы көретін болады. сосын мен жер бетіне, өз өміріме оралам. Қашан енді? (қынжылып, айғайлап жібереді) Бәрібір де ол мені қайта көреді, мен оның өміріне енемін, солай мен тіршілікке, жер бетіне оралатын боламын. Гүлдер, құстар, көліктер, адамдардың дауыстары. Айқай- шу бәрі керемет ғой сондай.

Алақандарымен ала сызықтарды жауады.

Қыз: Ақ, қара, ақ, қара, ақ, қара! Қандай зеріктіретін түстер. Қайтадан. Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жетінші сызық, мен сондай көңілді едім, ол маған жалт қарады. Менде. Енді солай ол маған тағы қарайды. Мен өмір сүремін. Қызылды- жасылды, жалт- жұлт еткен кәдімгі тірі өмір сүремін. Ия, ол мені сөзжоқ, қайта көреді. Мен жер бетіне оралам.

Айналасындағы суреттерге бұрылып қарап қояды.

Қыз: Сонда сендер осылай қатқан күйлеріңде мәңгі тұра бересіңдер ме? Айтыңдаршы, сендер неге мен сияқты асықпайсыңдар, ойламайсыңдар өмір сүру туралы.

Бір тал тамшы орындыққа ағып түседі.

Қыз: Міне, айттым ғой, ол мені естиді, тамшы мені естиді. Жиырма бес мың ек жүз алпыс үшінші тамшы!

Орындығындағы тамшыны қолымен сипап сүртеді. Көйлегінің етегімен тағы сүртеді.

Қыз: Сенің мені осылай әуреге салғаның сондай ұнайды маған. Сен өзі қызықсың, менің отыратын орындығымды су қылып тастайсың, мен оны енді мына көйлегімнің етегімен сүртуіме тура келеді. Әйтпесе, орындығыма жаным ашиды. Ал оны сүртсем мына сары көйлегім кірлеп кетсе, кейін мен жерге оралғанда адамдардан ұят боп жүрмей ме, соны да ойлаймын. Алақаныма тамшы десем, орындыққа тама қоясың, ал орындыққа аға бер десем алақаныма ыршып түсесің, сен өзі менімен ойнағанды жақсы көресің, ия, бірақ маған да осы сенің қырсықтығың ұнайды, рас айтам, сен болмасаң мына тыныштықтан есімнен алжасып кетер едім баяғыда.

Екінші көрініс

Құлаған заттың дауысы естіледі. Қыз артына жалт қарайды. Ол белгісіз бір жігітті көреді. Жігіттің қолында дирижердің таяғы бар. Үстіне де музыканттың қара костюмін киген.

 

Қыз: Ей, адам? (Жігіт артына жалт қарайды.) Сіз кімсіз?

Жігіт: Ал сіз?

Қыз: Мен бе, мен әдемі қызбын деп ойлаймын.

Жігіт: Ау, ия, мүмкін.

Қыз: Жоқ, мен әдемі қызбын!

Жігіт: А, ия әрине, бойжеткен!

Қыз: Қолыңыздағы не зат?

Жігіт: Таяқша.

Қыз: Қалай?

Жігіт: Мен манхэттенде симфониялық оркестрде осылай орындап тұрғам.

Қыз: Нені?

Жігіт: Нені? Композицияны оркестрмен бірге, жоқ, міне, тыңдаңызшы, естіп тұрсыз ба?

Қыз: Нені?

Жігіт: Музыка, симфония дауысын.

Қыз: Сіз кімсіз өзі, бірақ мен сізді көргеніме қатты қуанып тұрмын. (Жақындап барып оның бетінен сипайды.)

Жігіт: Әдепсіздеу қыз екенсіз!

Қыз: Мен шын айтам сізге, қатты қуанып тұрмын.

Жігіт: Бұл не өзі?

Қыз: Көз.

Жігіт: Көріп тұрмын, кімдікі?

Қыз: Кімдікі дейсізбе, білмеймін менде.

Жігіт: Ал сіз кімсіз?

Қыз: Мен? білмеймін. Ал сіз?

Жігіт: Мен айттым ғой. Мен үлкен манхэттенде концертте дирижерлық етіп тұрғам сахна үстінде, және біздің оркестр таңғажайып музыкант (George Frideric Handel) Гендельдің (Sarabande) Сарабанда деген симфониясын орындап тұрғамыз. Менің қолымда мына таяғым бар болатын.

Қыз: Сосын...

Жігіт: Сосын, осы жерде тұрмын.

Қыз: Қалай енді?

Жігіт: Мен өзімді бір түрлі сезініп тұрмын?

Қыз: Қалай енді?

Жігіт: Ау?

Қыз: Қалай енді?

Жігіт: Қалай енді? Не қалай енді?

Қыз: Қалай енді?

Жігіт: Ау, жоқ сіз шамасы, жоқ мен түс көріп тұрмын ия, мына суреттегі кімдер?

Қыз: Білмеймін.

Жігіт: Сіз меніңше тек сұрақ қойғанды ғана білесіз- ау.

Қыз: Сіз менің орнымда болсаңыз... түсінесіз бе, жоқ, мені сіз мүлде түсінбейсіз! Мен үшін сіз ерекше қуаныш сыйлап тұрсыз.

Жігіт: Мен де қуаныштымын. Бірақ енді мен қашан оянам. Мүмкін сіз маған, екеуміз бір -бірімізге көмектесерміз.

Қыз: Бері келіңізші. Міне, ала сызықтарды көріп тұрсыз ба?

Жігіт: Ия. Енді... осы арқылы жолдың арғы шетіне бізге өту керек шығар.

Қыз: Қандай жол, сіз мені тыңдаңызшы алдымен, мынау ала сызықтар. Мен осы сызықтар бойымен жүріп келе жаттым. Үстімде осы көйлегім, дәл осылай күліп келе жаттым. Сөйтіп, жетінші сызықты басқанымда оң жағымнан қатты жылдамдықпен бір көлік кеп зорға тоқтады. Сол сәтте мен оң жағыма жалт қарадым. Сосын сол көлік ішіндегі белгісіз қара көздердің ішіне еніп кеттім.

Жігіт: Бұл не? Ертегі ме?

Қыз: Қандай ертегі? Мен сізге бұл жерде қалай пайда болғанымды айтып тұрмын. Және сіз ештеңе білмейсіз. Мен осы құрып кеткір ақ, қара түстердің ішінде қанша жыл, қанша ай өмір сүріп келе жатқанымды да білмеймін. Міне, мына бұрыштан, қараңызшы, тамшы ағып тұрады, мен оны санаймын. Жаңа сіз келерден бұрын ғана жиырма бес мың екі жүз алпыс үшінші тамшы менің алақандарыма ағып түсті. Ып- ыстық. Мен осылай қалт жібермей оларды санап отырам.

Жігіт: Жалықпайсыз ба, қателеспейсіз бе? Еріккендік қой бұл!

Қыз: Еріккендік? Сіз өте қатал адамсыз.

Жігіт: Ал сіз өте ерке және ақымақтаусыз.

Қыз: Ал сіз сосын тағы өте дөрекі адамсыз. Мен сіздей адамды өмірімде бірінші рет кезедестіріп тұрмын. ПАУЗА. Ия өмірімде бірінші рет адаммен сөйлесіп тұрған сияқтымын.

Жігіт: Кешіріңіз, мен сізді ренжіткен шығармын, бірақ сіз мені тыңдаңызшы. Қараңыз, мен қалай ойнаймын, міне, осы таяқтың ұшымен бүкіл оркестор қосылады. Музыканы естіп тұрсыз ба?

Қыз: Музыка? Жоқ, мен тек сіздің таяқты ебедейсіз қимылдатқаныңызды ғана

көріп тұрмын.

Жігіт: Ия, сосын құлақ түріңіз. Жақсылап тыңдаңызшы, міне, қайырмасы. Оһ, менің сүйікті Сарабандам!

Қыз: Шын айтам мен ештеңе ести алмадым.

Жігіт: Кереңсіз бе?

Қыз: Мен сізді естіп тұрмын ғой. Тастаңызшы таяқты, бұл барып тұрған алдау.

Жігіт: Сарабанда алдамайды! Ол арқылы сіз өмір сүресіз!

Қыз: Ал мен өмір сүріп жатырмын деп ойламаймын.

Жігіт: Тыңдаңызшы! (Музыка өшеді.) Бұл нағыз өмір тудырады.

Қыз: Сіз маған айтыңызшы, мен жер бетіне орала алам ба, өзіме? Мен өзім туралы жиі ойлаймын.

Жігіт: Сонда не ойлайсыз?

Қыз: Мен негізі қандай адам болған екенмін, мүмкін әлі де өмір сүріп жүрмін жер бетінде. Бірақ мен мұндамын. Қашан өзіме оралам?

Жігіт: Сіздің ойыңызша менде сіз сияқтымын ғой шамасы, не боп кетті? Сонда біз кімбіз, қайдамыз?

Қыз: Мен үнемі осы жетінші сызыққа келем де, жер бетіндегі тура сол сәттегі өзім сияқты күліп тұрам, ол мені тағы көрсе екен, көрсе, тағы көрсе екен, сосын мен солай, өз өміріме оралам, жер бетіне, солай ғой, мен сенем.

Жігіт: Рас айтам, сіз ақымақтық ойлайсыз және сөйлейсіз? Жоқ, неге бәрі түсініксіз боп кетті? (Суреттерге қарап) Адамдар бір- біріне қалай ұқсайды ия, бірақ көздерінен ажыратуға болады. маған қараңызшы

Қыз: Ия.

Жігіт: Сіздің көздеріңіз өте әдемі!

Қыз: Өтірік айттыңыз, жаңа ғана мені барып тұрған ақымақ деп кекетіп отыр едіңіз ғой.

Жігіт: Ақымақтығыңыз рас енді, бірақ мен сізге көздеріңіз туралы айтып тұрмын қазір.

Қыз: Қазір ме?

Жігіт: Ия қазір!

Қыз: Ей, қайда кеттіңіз, тоқтаңыз, тоқтаңызшы!

Оның артынан жүгіріп сахнаның оң жағына бұрышқа дейін барады. Ал жігіт сол жақтан жүгіріп шығады.

Қыз: Сіз қайда кеттіңіз, не істеп жүрсіз?

Жігіт: Мен шапалақтардың, қатты айқай- шудың дауысын естідім.

Қыз: Қайдан? Мен неге ести алмаймын, сіз мені алдамаңыз.

Жігіт: Залдың халықтың айқай шуы менің құлағымнан кіріп жандүниемді төңкеріп бара жатыр. Бірақ енді тоқтап қалды. Ештеңе ести алмай тұрмын мен де. Ақылымнан адасқан шығармын, әлде түс көріп жатырмын ба? Сіз кімсіз айтыңызшы маған?

Қыз: Ал сіз кімсіз?

Екеуі де күліп жібереді.

Қыз: Ия, мен бишімін, ия мен баллеринаға ұқсайтын сияқтымын. Мен көп ойладым. Мына ала сызықтармен өтіп бара жаттым. Көңілді едім. Үстімде дәл осы сары көйлегім. Сіздіңше мен кім болуым мүмкін? Мен сондай көңілді болдым және үстімде сары көйлегім.

Жігіт: Сіз өмір туралы ештеңе білмейсіз. Кешіріңіз бірақ мен сізді ешқандай баллеринаға ұқсата алмаймын, сары көйлек киген, өзі көңілді, езуі екі жаққа кеткен, көшеде жол бойында балмұздақ сатып тұрған қызға тәуір келесіз.

Қыз: Жоқ, сіз менің ашуымды келтіресіз. Кешіріңіз, менде сіздің дирижер екеніңізге ешқашан сене алмаймын, себебі мен анау сіз айтқан Сарабанданы естіген жоқпын. Құры таяқты ұстап алып оңды -солды қимылдатқаннан керемет музыка туады дегенге мен сенбес едім.

Жігіт: Себебі сіз ести алмайсыз!

Қыз: Себебі сіз өтірік айтасыз!

Жігіт: Себебі.... сіздің көздеріңіз сондай әдемі!

Қыз: Сіз тағы өтірік айттыңыз! (Орындығына барып отырады.) Шындығында мен өзімді ешқашан көрмеген сияқтымын, көзімнің түсі қандай, бетім, аузым, мұрыным қалай жаратылған, мүмкін менің бетімде бір кемшілік бар шығар, әрине мен өзімді сұлу жаратылыспын деп есептеймін. Бірақ оғанда сенбеймін. Себебі мен өзімді ешқашан көрген жоқпын ғой.

Жігіт: Мен де өзімді ешқашан көрмеген сияқтымын.

Қыз бен жігіт бір -біріне қарап тұрып қалады.

Жігіт: Мен өзімді сіздің көзіңізден көріп тұрмын.

Қыз: Мен де.

Осы сәтте төбеде ілулі тұрған екі картина бірінен кейін бірі жерге құлап түседі. Қыз селк етіп артына қарағанда, жігіт қараңғылық ішіне ғайып боп кетеді.

Шінші көрініс

Сахнаға сурет кейпіндегі адамдар шығады. Олар бір топ және бірдей ақ түсті киінген, және бәрінің көздері қара матамен байланған. Бәрі бір- бірінің артынан тізіліп сахнаға шығады. Жүріс- тұрыстары робот сияқты, яғни жансыз суреттер, тек сөйлей алады. Қыз жігітті іздеп жүргенде, олар келеді. Қыз таңғалады.

Қыз: Сіздер кімсіздер?

Бірінші сурет: Суреттер.

Екінші сурет: Біз суреттерміз.

Үшінші сурет: Бізге қосыл.

Төртінші сурет: Бізге қосылуыңды талап етеміз.

Қыз: Не үшін?

Бесінші сурет: Біз жүріп келеміз.

Алтыншы сурет: Бізге бәрі қосылып келеді.

Жетінші сурет: Біз көбейіп келеміз.

Сегізінші сурет: Бәріміз суреттерміз.

Тоғызыншы сурет: Сенде суретсің.

Оныншы сурет: Бізге қосылуыңды талап етеміз.

Қыз: Жоқ, мен ешқандай сурет емеспін. Өздеріңіз қызық екенсіздер. (Күледі.) Мен суретпін, жоқ!

Бірінші сурет: Бізге қосылуыңды талап етеміз.

Қыз: Мен адаммын! Ия, адаммын. Міне, күлдім, жылай да алам. Міне, менің басым, аузым, шашым, жүрегім соғып тұр, бәрі орынында.

Екінші сурет: Біз қайталаймыз.

Үшінші сурет: Бізге қосылуыңды талап етеміз.

Қыз: Жоқ, сіздер маған сенбейсіздер ме? Қараңыздаршы, міне, көрсетейін. Міне, мынау ала сызықтар. Мен осы сызықтар бойымен жүріп келе жаттым. Үстімде осы көйлегім, дәл осылай күліп келе жаттым. Сөйтіп, жетінші сызықты басқанымда оң жағымнан қатты жылдамдықпен бір көлік кеп зорға тоқтады. Мен қатты қорықтым сол сәтте. Сол үрей менде әлі бар. Ал сол сәтте мен оң жағыма жалт қарадым. Сосын сол көлік ішіндегі белгісіз қара көздердің ішіне еніп кеттім.

Төртінші сурет: Бізге асығу керек.

Қыз: Жоқ, сіздер мені түсіндіңіздер ме? Мен осылай осы жерде осы көздің ішінде өмір сүріп жатқаныма тіпті қанша уақыт өткенінен де жаңыла бастадым.

Бесінші сурет: Бізге асығу керек.

Қыз: Бірақ, міне, мына бұрыштан тамшы ағып тұрады. Қайдан түсетінін білмеймін. Бірақ алақаныма кейде оның ыстығы, кейде салқындығы сезіледі.

Алтыншы сурет: Бізге асығу керек.

 

Қыз: Мен сол тамшыларды санап отырам, біреусін де мүлт жібермеймін. Сосын...

Жетінші сурет: Бізге асығу керек

Қыз: Қайда?

Сегізінші сурет: Нұх пайғамбарға

Қыз: Ол кім?

Тоғызыншы сурет: Әлемді тағы топан су басқалы келеді

Қыз: Мен әлі ештеңе түсіне алмадым.

Оныншы сурет: Топан судан бәрімізді құтқару үшін Нұқ пайғамбар келе жатыр.

Қыз: Осы жерге ме, а... анау аққан тамшы сол судан емеспе осы?

Бірінші сурет: Бізге асығу керек

Екінші сурет: Бізге қосылуыңды талап етеміз.

Қыз: Сонда бәріміз тізіліп қайда барамыз

Үшінші сурет: Құдайдан Нұх пайғамбарды тағы жіберуін сұраймыз.

Төртінші сурет: Бәріміз тілейміз

Бесінші сурет: Бізге қосылуыңды талап етеміз.

Қыз: Жоқ, мен ешқайға бармаймын. Мен осында осы ала сызықтар үстінде жер бетіне қайта оралуымды күтемін. Бегісіз көз жер бетіндегі мені тағы көреді, сосын мен өзіме, жер бетіне ораламын.

Алтыншы сурет: Біз күш қолдануға мәжбүрміз

Қыз: Жоқ, тоқтаңыздар. Сіздерді түсінген жоқпын.

Жетінші сурет: Қосылу керек.

Қыз: Жоқ, жақындамаңыз, әйтпесе қазір мына орындықтан секіріп кетемін.

Сегізінші сурет: Жер жоқ.

Тоғызыншы сурет: Сіз құламайсыз

Оныншы сурет: Сіз өлмейсіз

Бірінші сурет: Сіз бізге қосылуға тиіссіз.

Екінші сурет: Сіз суретсіз.

Үшінші сурет: Бізге қосылыңыз.

Қыз: Жоқ, тоқтаңдар, мен сурет емеспін.

Төртінші сурет: Тамақтанасыз ба?

Қыз: Қалай?

Алтыншы сурет: Ұйықтайсыз ба?

Жетінші сурет: Дәрет қыласыз ба?

Қыз: Бәрін білетін сияқтымын, бірақ ешқашан ол туралы ойлап көрмеппін.

Сегізінші сурет: Сіз суретсіз!

Тоғызыншы сурет: Біз тағы ораламыз.

Төртінші көрініс

Сахнада қыз жалғыз өзі қалады.

Қыз: Сіз суретсіз, яғни мен суретпін! Ия, олар мені суретсің деді, кәдімгі мыналар сияқты сурет, сонда мен Суретпін! Мен Суретпін! Пауза. Сурет болмасам бұл суреттер арасында не істеп жүрмін, мен кіммін? Бұл көздің ішінде не істеп жүрмін, бұл не, бұл қай жер, бұл кімнің көзі, олар кім? Оларда сурет! Ал мен ше? Жоқ! Мен қалай сурет болам? Бұл Өтірік! Ия, бұл өтірік! Сурет деген міне, мыналар, сендерсіңдер! Еш қозғалмай осы қабырғада мелшиіп қатып ілініп, салпиып тұрғандарыңа қанша болды, білесіңдер ме, мысалы мен өзімнің бұл жерде қанша уақыт болғанымды білем, себебі мен тамшыны санап отырдым, ия сол тамшының саны менің осындағы өткізген уақытымның өлшемі.

Тамшы ағады.

Қыз: Ооо, міне, Жиырма бес мың екі жүз алпыс төртінші тамшы! Ия, бұл не сағат па күн бе? Бәрібір осы сан... Ия осы сан менің көз ішіндегі тыныштықтағы өмірім! Ей, ақымақ тамшы, саған айттым ғой, менің мына орындығымды бір күні ортасынан тесіп түсірмесең болғаны. (Алақанымен орындықты сүртеді.) Ал орындықты алып тастайын десем, ешқандай дауыс ести алмай қалам да, санаудан жаңылып қалам, сондықтан мейлі, бұл орындықты бір күні тесіп тастасаңда мен саған еш ренжімеймін, тек мен жер бетіне оралсам болғаны. Жер бетіне адам болып оралсам, ия, мен сурет емеспін! Ол анық ғой. Сен не дейсің тамшы?! Олардың айтқаны ақымақтақ ғой, ойлашы, ия, бірақ менің ұйықтамайтыным, түс көрмейтінім, және тамақ жеп, біреуді сүймегенім де рас, бірақ бұл мені сурет деген сөз емес ғой, мысалы, мен күлемін, жылай да аламын, жүрегім қатты соғып біреуді күте де аламын! Оны сен жақсы түсініп тұрсың ғой, айтшы, Тамшы! Айтыңдаршы, сендер қалай ойлайсыңдар?

Ол қабырғадағы ілулі тұрған картиналарды аралап жүріп сөйледі.

Қыз: Сендер айтыңдаршы, менің жанымдасыңдар ғой, мені жақсы білесіңдер! Мен сендер сияқты мелшиіп қатып қабырғада ілулі тұрған жоқпын ғой, дұрыс па? Мен сендерге аузым талып, жағым қарысқанша сөйлеумен, қызықты бірдемелер айтып, өзіммен өзім күліп, жыладым да, ия, талай рет. Демек, мен қатып қалған сурет емес екенім анық қой, жоқ, мен не үшін бұл туралы қайталай бердім. Олар айтса айта берсін, өздері сурет болғасын мен сияқты сұлу адам бола алмағандарына күйінеді. Ия, олар қатты күйінеді. Жоқ, олар күйінуді де білмейтін сияқты, жан ашуды да, жақсы көруді де біреуді күтуді де олар білмейді.

Орындығына келіп отырады.

Қыз: Ол қайда кетті? Ол қайда ғайып болып кетті? (Күледі.) Көздерің әдемі екен деп қояды, ал өзінің көздері қандай ғажап екенін тіпті білмейтін сияқты. Ол келеді. Қандай бақытты сәт, оның жанында болу, онымен бірге болу қандай ғажап сезім, қандай қызық, мен аузым шаршап жалғыз өзім сөйлей бермеймін, ол да сөйлейді, екеуміз бірге күлеміз, айтысамыз да, қызық ғой бәрі. Ол мені мына тыныштықтан, жалғыздықтан құтқарады. Менің кеудемді ыстық сағыныш басып барады. Пауза.

Ол ала сызықтар үстінде жүре бастайды.

Қыз: Келеді, келмейді, келеді, келмейді, келеді, келмейді, келеді, келмейді, келеді, келмейді.

Ала сызықтар аяқталып қалады да, ол жерге отырып қалады. Пауза. Ол орыннан атып тұрады да суреттерді санай бастайды.

Қыз: Келеді, келмейді, келеді, келмейді, келеді, келмейді, келеді, келмейді, келеді, келмейді...

Ол сахнаның бір шетінен бастап екінші шетіне жеткенде соңғы суреттің орнында жігіт тұрады.
Жігіт қолындағы таяқшасымен музыка ойнағандай өзінен өзі қозғалып тұр.
Қыз: Ей, адам!
Жігіт: Сарабанда!

Қыз: Не дедіңіз?

Жігіт: Сарабанда!

Қыз: Кім?
Жігіт: Музыканы айтам!

Қыз өзін Сарабанда деп шақырды деп қатты қуанып барып, басылып қалады.

Қыз: Мен сіздің келетініңізді білгем!

Жігіт: Қалай білдіңіз?

Қыз: Сіз жүректің сіздің сұрағыңызға жауап беретіні туралы білесіз бе?

Жігіт: Сонда сіздің жүрегіңіз не деп жауап берді? Сіз одан не сұрадыңыз сонда?

Қыз: Жүректен ба? Бәрін сұрадым! Мені мына тыныштықтан құтылдыруын, мені жер бетіне оралуыма көмектесуін сұрадым.

Жігіт: Енді ол тілегіңізді қабыл алды ма?

Қыз: Білмеймін, бірақ ол маған көмектесіп жатқан сияқты.

Жігіт: Жоқ, мен неге тағы мұнда тұрмын? Жаңа ғана Сарабанданың екінші бөлімін орындауды бастап жатқан сияқты едік ғой. Не боп жатқанын түсіне алсам бұйырмасын.
Қыз: Ал менің қуанышымда шек жоқ. Ал сіз мені көргеніңізге ешқандай қуанып тұрған жоқсыз ба?

Жігіт қызға жақындап келіп, көздеріне ұзақ қарап тұрады.

Жігіт: Білмеймін, мен ештеңе білмей тұрмын. Бірақ... мен шын сұлулықты көріп тұрмын.

Қыз үнсіздікті бұзғысы кеп жігіттің қолындағы таяқты тартып алады.

Қыз: Бұның қандай сиқыры бар екенін түсіндіріңізші! Қане, сіздің Сарабандаңыз қайдан, қалай шығады?

Жігіт қыздың қолынан ақырып ұстайды да қозғалта бастайды.

Жігіт: Осылай бастап нотаны ауада тербетесіз.

Қыз: Ал бұдан не пайда? Ешқандай үн естімесең, айтыңызшы, мен шындығында ештеңе де ести алмай тұрмын.

 

Жігіт: Сіз көзіңізді жұмыңызшы, енді естіп тұрсыз ба?

Осы сәтте тамшы ағып түседі. Қыз жүгіріп отырып аққан тамшыны алақанына салып әбігер болады.

Қыз: Бұл жиырма бес мың екі жүз алпыс бесінші тамшы. Еш жаңылыссыз, бұл тамшы сондай ыстық.
жігіт: Бұл ағады, ал не түсті енді? Бұның несі қызық түсінбеймін?

Қыз: Айтпақшы, мен сізге қызық нәрсе айтып берейін онда, сізді сөзжоқ қызықтырады. Жаңа ғана. Осы жаңа ғана, көздерін қара матамен байлаған, ал үстерінде аппақ киім киген көп адамдар келді де, маған былай дейді. «Сен Суретсің, сен бізге қосылуың керек.» дейді.

Жігіт: Қалай, неге қосылуың керек?

Қыз: Сол білмеймін ғой, олар Нұх пайғамбар деген кісіні күтіп жүрміз дейді. Ол бізді топан судан құтқаруға келе жатыр дейді.
Жігіт: топан су?

Қыз: Ия, топан су деді. Ал бұл апаттан бізді Нұх пайғарымыз құтқарады дейді.

Жігіт: Қызық екен! Ал, сені неге сурет дейді?

Қыз: Сол өзімде түсіндіре алмай -ақ қойдым. Мен оларға өзімнің бүкіл сезімім

бар Адам екенімді, әрі көп өтпей жер бетіндегі өміріме оралатынымды айттым.

Бірақ олардың сұрақтары, сөздері шындығында бір түрлі болды.

Жігіт: бәрі бір түрлі. Ия, рас, мұнда бәрі бір түрлі ерекше, тіпті көңілсіз, ал менің музыкам...

Қыз: Сізге бұл жер шындығында көңілсіз бе?

Жігіт пен қыз бір- біріне тағы ұзақ уақыт қарап қалады.

Жігіт: Бірақ сіздің жаныңызда болу тіпті біртүрлі!

Қыз: Қалай бір түрлі?

Жігіт: Білмеймін, өзімде түсіне алмаймын, бірақ кеудемде басқа музыка ойнап тұрады.

Қыз: Сарабанда ма?

Жігіт: Жоқ, Сарабандадан да ғажайып, тілмен жеткізу мүмкін емес, сондай таңғажайып жаңа музыка мен оны мына кеудемнен естіп тұрымын.

Қыз: Ал ол музыканы аты қалай?

Жігіт: Мен жоқ жердегі менің өмірімнің мәнін айқындайтын тамаша туынды, бұл Адамның сүйіспеншілігі туралы.

Қыз: Тамаша ой екен бірақ аты қалай?

Жігіт: Білмеймін. Ал мен сізден атыңызды сұрасам айта аласыз ба?

Қыз: Менің атым ба?

Жігіт: ия сіздің есіміңіз.

Қыз: Адам, сұлулық, махаббат, жасампаздық, сүйіспеншілік! Бәрі менің атым.

Жігіт қызға жақындап келеді де қолындағы таяқшаны бірге қозғалта бастайды.

Қыз: Кешіріңіз мен тағы да ештеңе естіп тұрған жоқпын, құр таяқты қозғалтып жатқандаймыз.

Жігіт: Көзіңді жұм! Бұл Адам, сұлулық, махаббат, жасампаздық, сүйіспеншілік туралы, бұл сен туралы!

Қыз: Жоқ, кешір мені, мен әлі ештеңе естіп тұрған жоқпын, сіз мені ақымақ қылып тұрсыз ба? Ештеңе естілмейді, мен көзімді аша берем, маған ренжімеңіз.

Қыз көзін ашқанда жігіт ғайып болып кеткен еді.

Қыз: Ей, ақымақ, қайда кеттің тағы?

Сахнаның жан жағынан іздестіре бастайды.

Қыз: Ей, сен тағы тығылып қалдың ба? Қайда кеттің, маған қалай ойнау керектігін жақсылып үйретпедің ғой. Сенің таяғың менде қалды, алып кетші, маған бұл бос өтіріктей көрінеді, және ұнамайды да! Алып кет! Тез! Ей, қайдасың?

Ол бүкіл жерді қарап шығады. Таба алмаған соң, орындығына келіп отырады.

Қыз: Ол міндетті түрде, мына таяқты алып кету үшін қайта келеді. Мен енді оны ешқайда жібермеймін.

Қыз күтеді, бірақ жігіт оралмайды.

Бесінші көрініс

Қыз: Тағы жалғыз қалдым ба?

Айналасын бір шолып шығады. Таяққа ұзақ уақыт қарап тұрып қалады.

Қыз: Тағы тыныштық. Бұны қозғалтса шыныменде дауыс шығама екен?!

Таяқты әрлі- берлі қозғалтып көреді.

Қыз: Жоқ, өтірік бәрі. Мүмкін мен шынмен керең шығармын. «Сенің көздерің сондай әдемі»

 

Сахнаның екі жағына қайта -қайта жүгіріп, жан -жағын қарап шығады.

Қыз: Ол тағы кетіп қалды, бірақ тағы қайта оралады. Ол мына затын алу үшін қайта оралады. «Сарабанда» ия, сарабанданы маған орындап беру үшін тағы келеді. Мен оған шексіз сенемін. Сендер қалай ойлайсыңдар?

Айналасындағы суреттерді шолып шығады.

Қыз: Ол қайтып оралама? Ия, ол қайтып келеді, және мені өзімен бірге жер бетіне ала кетеді. Сөйтіп мен сендерден құтыламын. Ей, тамшы, ал, сен қалай ойлайсың? Ол тағы келеді ғой ия, және маған Сарабанданы орындап береді, мен бұл жолы музыканың дауысын міндетті түрде еститін боламын. Алақаныма тама қойшы, мен сені күтіп отырмын, ей, тамшы!

Сахнада суреттер қайта пайда болады.

Бірінші сурет: Ол енді ақпайды.

Екінші сурет: Ол енді оралмайды.

Үшінші сурет: Сен естімейсің. Көрмейсің.

Төртінші сурет: Сен суретсің.

Бесінші сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің.

Алтыншы сурет: Біз Нұх пайғамбарды күтеміз.

Жетінші сурет: Ол келе жатыр.

Сегізінші сурет: Сен суретсің.

Тоғызыншы сурет: Бізбен бірге болуға тиіссің.

Қыз: Жоқ, мен сурет емеспін.

Оныншы сурет: Енді боласың.

Қыз: Жоқ, көресіңдер, мен жер бетіне ораламын. Міне, көріп тұрсыңдар ма? Мынау таяқ сондай қасиетті, бұдан музыка шығады. Бұның иесі қазір қайта келеді. Мен оны күтіп отырмын.

Бірінші сурет: Ол келмейді.

Қыз: Жоқ, келеді.

Екінші сурет: Ол енді оралмайды.

Қыз: Жоқ, ол мына затын алуға келеді. Бұл таяқ ол үшін өте қымбат. Және ол сондай керемет жан. Ол маған тамаша өмір сыйлайды. Сендер тіпті білмейсіңдер ғой, ол маған не деді, ойланып көріңдерші. Ол ерекше. Ол адам. Түсінесіңдер ме? Ол адам, мен оның жанында ерекше сезімді басымнан өткізем.

Үшінші сурет: Бұл жалған ой.

Төртінші сурет: Адамның сандырағы.

Қыз: Сендер оны білмейсіңдер де, менің мына жаным оны маған тартады. Менің махаббатым оны осында қайта әкеледі. Бұл ақиқат. Сендер бұны ешқашан сезіне алмайсыңдар.

Бесінші сурет: Зодиак жүйесі қирады.

Қыз: Не дейсің?

Бесінші сурет: Зодиак жүйесі қирады.

Алтыншы сурет: Енді суқұйғыштар мен балықтар, тауешкілер мен егіздер болмайды.

Қыз: Ол не?

Жетінші сурет: Уақыт қирады.

Қыз: Қалай?

Сегізінші сурет: Себебі тіршілікті ұстап тұрған махаббат жойылды.

Қыз: Махаббат жойылды? Бұл сіздер үшін мүмкін!

Қыз рахаттана күледі.

Қыз: Әрине, суреттер үшін ешқашан махаббат болған емес.

Тоғызыншы сурет: Жердің тартылыс күші.

Қыз: Ол не?

Оныншы сурет: Ол бір асқан ақылды адамның ойлап тапқан заңы болатын.

Қыз: Заң ба? бұл керемет дүние шығар.

Бірінші сурет: Бұл өтірік болатын.

Екінші сурет: Бірақ оны ешкім білген жоқ.

Қыз: Ақылды адамның ойлап тапқан заңы қалай өтірік болады? Мүмкін сендердікі өтірік.

Үшінші сурет: Оның тапқан тартылыс күші дегеніміз МАХАББАТ болатын.

Қыз: Ал тартылыс заңы мен махаббатың қандай қатысы бар? Ол ақылды кісі тек өте керемет жаңалық ашты ғой.

Төртінші сурет: Кереметтігі сондай адамдар ол туралы ойлай алмайды.

Бесінші сурет: Тартылыс тіршілік арасындағы махаббат.

Алтыншы сурет: Жер мен және оны мекен етушінің тамырындағы махаббат оларды ұстап тұр.

Жетінші сурет: Сондықтан жануарлар ауаға қалқып кетпейді.

Қыз: Ал құстар бар ғой?

Сегізінші сурет: Олар де белгілі қашықтыққа ғана көтеріле алады. Бәрі қайтып жерге оралады.

Тоғызыншы сурет: Жер мен оның бетіндегі тіршіліктің арасын махаббат жалғап тұр.

Оныншы сурет: Ал жер бетінен алыстаған сайын бұл тартылыс өз күшін жоя бастайды.

Бірінші сурет: Махаббат үзіледі.

Екінші сурет: Олар ауада қалқып қалады.

Үшінші сурет: Махаббат тек жер бетіне берілген.

Төртінші сурет: Жер бетінен алыстаған кез келген тіршілік иесі бұл бақыттан айырылады.

Бесінші сурет: Тартылыс күші жер бетін мекендейтін барлық тіршілікке тән.

Қыз: Ол белгілі ғой, бірақ адамдар қалай болады?

Алтыншы сурет: Адамдар да тартылыс күшінің қуатымен ғана тіршілік кешуде.

Жетінші сурет: Ол күш барлықты жалғастырушы.

Сегізінші сурет: Адамдар туған топырағынан кете алмайды.

Тоғызыншы сурет: Себебі оларды тартылыс күші жібермейді.

Оныншы сурет: Адамдар бір -бірінен де кете алмайды.

Бірінші сурет: Тағы да тартылыс күші жібермейді.

Қыз: Ал мен неге жер бетіне орала алмаймын, жер мені неге өзіне тартпайды? Ал осыған кім жауап береді, маған?

Екінші сурет: Сен суретсің!

Қыз: Жоқ, мен адаммын!

Үшінші сурет: Сен суретсің!

Қыз қатты айқайлап күледі.

Қыз: Міне, көріп тұрсыңдар ма? Мен рахаттана күліп тұрмын, ия қызғаныңдар, мен бәрібірде Адаммын!

Төртінші сурет: Сен жер бетінен алыстап кеттің.

Бесінші сурет: Сен тартылыс күшінен айырыла бастадың.

Алтыншы сурет: Сен ақыры суретке айналасың!

Қыз: Жоқ, менің кеудемде жаным бар, менде махаббат бар, білесіңдер ме? Менің кеудемде мына таяқтың иесіне деген шексіз сүйіспеншілік сезімі бар.

Жетінші сурет: Ол енді өшеді.

Қыз: Жоқ, ешқашан!

Сегізінші сурет: Сен махаббаттан айырыласың.

Тоғызыншы сурет: Сен суретке айналасың!

Қыз: Жоқ, жоқ! Басымды ауырттыңдар, жоғалыңдар, кетіңдер! Мен адаммын, тағы қайталаймын, мен адаммын, көріп тұрсыңдар ма, мен сендерге шексіз ашуланып тұрмын, сендерді жек көріп тұрмын. Менің бойымда бүкіл сезім бар. Оны ешкім ешқашан жоғалта алмайды.

Бірінші сурет: Ол жоғалады.

Екінші сурет: Ол өшеді.

Үшінші сурет: Сен суретке айналасың!

Төртінші сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің!

Бесінші сурет: Нұх пайғамбар жақындап келеді.

Алтыншы сурет: Біз оны асыға күтудеміз.

Жетінші сурет: Ол бізді топан судан құтқарады.

Сегізінші сурет: Ол тағы бізді құтқарады.

Қыз: Жоғалыңдар! Мазамды алмаңдар, кетіңдер!

Тоғызыншы сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің!

Оныншы сурет: Біз талап етеміз!

Қыз: Жоқ, ешқашан!

Осы кезде сахнаға тағы бірнеше суреттер шығады.Олардың қолдарында ұсақ тастар болады. Олар тастарды айналдырып тізе бастайды. Бәрі үнсіз оларға қарап тұрады. Олар тастарды шеңбер жасап айналдырып тізіп шығады.

Бірінші сурет: Тазару отына шомылуларыңызды сұраймыз!

Сахнадағы барлық суреттер бір- бірлеп тастан жасалған шеңбердің ішіне кіріп шығады. Ешқандай үнсіз, дыбыссыз, бірқалыпты жүріспен барлық суреттер бұл әрекетті орындап шығады. Қыз бір шетте барлығына таңғалып қарап тұрады.

Екінші сурет: Біз сізден де тазару отына шомылуыңызды сұраймыз!

Қыз: Бұл не?

Үшінші сурет: Тазару отына шомылуыңызды сұраймыз.

Қыз: Сендер шынымен естеріңнен ауысқасыңдар!

Төртінші сурет: Біз сізден бізге қосылуыңызды тағы сұраймыз!

Суреттер қызды қоршап алады. Қыз қанша құтылуға тырыссада топты жарып шыға алмайды. Суреттер оны шеңберге кіргізеді. Қыз еріксіз тастарды аттап шеңберге кіреді. Қыз бойының күйіп бара жатқанын сезіне бастайды. Қатты шыңғырып, тізесі бүгіліп жерге отырып қалады. Ол бүкіл тәні, жаны күйіп бара жатқандай жиырылып, екі бүктеліп жатып қалады. Және шеңберден шығуға барынша ұмтылады. Суреттер енді оған мүмкіндік беріп, алыстай бастайды. Қыз сүйретіліп шеңберден шығады. Жерде домаланып, бүктеліп біраз уақыт жатып қалады.

Бесінші сурет: Сен суретсің!

Алтыншы сурет: Сен біздің қатарға қосылуға тиіссің!

Жетінші сурет: Нұх пайғамыбар келе жатыр.

Сегізінші сурет: Біз оны асыға күтудеміз.

Тоғызыншы сурет: Оны бізді құтқару үшін тағы жібереді.

Оныншы сурет: Біз оны асыға күтудеміз.

Бірінші сурет: Сен суретсің!

Екінші сурет: Және мәңгі сурет боп қаласың!

Тамшы ағып түседі. Бәрі оның дауысынан селк ете түседі. Қыз орнынан сүйретіле зорға түрегеліп, орындықтың жанына барады да тағы жығылады. Бірақ тағы күшін жинап, орынан тұрады да орындыққа тамған тамшыны алақандарымен сүртеді.

Қыз: Мен неге сенің ыстық, суығыңды сезбей тұрмын? Ей, тамшы?

Үшінші сурет: Сен енді сезбейсің!

Қыз: Жоқ, мен бұл тамшының шексіз ыстық екенін ойлап тұрмын.

Төртінші сурет: Енді тек ойлайтын боласың.

Бесінші сурет: Сезбейсің!

Қыз: Бұл тамған тамшының өзінде ешқандай жылулықта, салқындықта болмады. Енді тағы ағады тамшы.

Алтыншы сурет: Енді тамшы тоқтады.

Қыз: Ол ағады. Менің алақандарыма тағы ағып түседі. Сонда мен оның ыстық, суығын сеземін. Ол кейде шексіз ыстық болады, дәл көз жасындай. Кейде салқын болады. Ол уақытта алақандарымнан тартып бүкіл денеңді мұздатады оның салқындығы.

Жетінші сурет: Бұл соңғы әрекет!

Сегізінші сурет: Енді бітті.

Тоғызыншы сурет: Бізге асығу керек.

Оныншы сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің.

Қыз: Жоқ, ештеме біткен жоқ, мен міне баяғыдай өз орынымда тұрмын. Және мынау таяқтың иесін күтемін, ол оралады. Және мені мына әлемнен алып кетеді. Біз жер бетіне ораламыз.

Бірінші сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің.

Қыз: Ешқашан! Міне, көріп тұрсыңдар, менің көздерімнен аққан жас бүкіл бойымды шайып барады.

Екінші сурет: Және соңғы рет.

Қыз: Мен жылай аламын, мен күле аламын, мен бәрін сезіне аламын.

Үшінші сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің.

Сахнаның екі жағына кезек- кезек барып біреуді іздейді.

Қыз: Ей, жігіт, мені естисіз бе?

Төртінші сурет: Ол сені естімейді.

Қыз: Ол келеді. Мына таяқты алу үшін оралады. Ей, жігіт, сіз мені алдап кетпегеніңізге шексіз сенемін. Сіз оралатыныңызға да! Бұлар білесізбе, менен барлығын қызғанады. Олар мені қинап барады. Түсінесіз бе, мен керең емеспін, шын айтамын. Сіз қайта келіп маған мына таяғыңызбен «Сарабанданы» ойнап беріңізші. Мен сізді еститін боламын, рас айтамын, мен бұл жолы сізді еститініме сенімдімін. Өтінем, қайтып оралыңызшы, мені жалғыз тастамаңызшы! Менің жаным өртеніп барады. Ыстық жас бетімді күйдіріп барады. Өтінем, мені жалғыз тастамаңызшы, қайтып келіңізші, менің сізге айта алмағандарым бар ғой. Сіз мені міндетті түрде тыңдауға тиіссіз. Менің де міндетті түрде Сарабанданы тыңдауым керек.

Қыз бұл сәтте жылап тұрды.

Бесінші сурет: Ол оралмайды.

Алтыншы сурет: Босқа үміттенесің.

Жетінші сурет: Сен суретсің!

Сегізінші сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің.

Қыз артына жалт бұрылып, ортаға жүгіріп келеді.

Қыз: Менің махаббатым оны қайта әкеледі.

Тоғызыншы сурет: Бұл ой.

Қыз: Менде шексіз махаббат бар.

Оныншы сурет: Тағы ой.

Қыз: Мен жылап тұрмын, тағы күле де аламын.

Қыз күлуге тырысады, бірақ ол өзінен тек бос дыбыс ғана шыққанын естиді, және езуін тарта алмайды.

Бірінші сурет: Сен соңғы рет жыладың.

Екінші сурет: Сенде күлкі жоқ.

Үшінші сурет: Сен суретсің!

Төртінші сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің.

Қыз: ЖОқ, ешқашан! Мен күле аламын.

Ол қанша тырыссада езуін тарта алмады, тек түсініксіз ебедейсіз дауыс ғана шығады, күлкі жоқ.

Бесінші сурет: Бұл соңғы әрекет!

Алтыншы сурет: Күлкі жоқ.

Жетінші сурет: Қайғы жоқ.

Сегізінші сурет: Махаббат жоқ.

Тоғызыншы сурет: Адам жоқ.

Оныншы сурет: Соңғы әрекет ғана.

Бірінші сурет: Енді бәрі бітті.

Екінші сурет: Сен суретсің!

Үшінші сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің.

Төртінші сурет: Бәрімізді тек Нұх пайғамбар кеп құтқарады.

Бесінші сурет: Ол тағы біз үшін келе жатыр.

Алтыншы сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің.

Қыз: Мен неге күле алмай тұрмын, мен өзімнің күлкімді естіп тұрмын ғой. Менің миым менің рахаттана күліп жатқанымды айтады маған.

Жетінші сурет: Бұл ой.

Алтыншы көрініс

АДАМ САНАСЫНЫҢ АЗАТ ЕТІЛУІ

(Кешегісінен, бүгінінен және ертеңінен)

Сурет қабырғада ілулі тұрған Леонарда да Винчидің «Монна Лизасын» алып шеңбердің ішіне тастайды.

Бірінші сурет: Адамның езу тарту әрекеті (күлкісі) аяқталды.

Екінші сурет: Ол өлді.

Үшінші сурет: Күлкі енді мәңгілік тазару отына шомылды.

Қыз: Мүмкін емес, мен өзімнің күлкімді естіп тұрмын.

Сурет тағы бір картинаы алып, ондағы көріністі суреттейді де, шеңберге лақырады.

Төртінші сурет: Жарылыс алдындағы соңғы рет күліп тұрған бойжеткен.

Франиция. 2015 жыл.

Қыз: Болмайды, олар маған керек, лақтырма.

Бесінші сурет: Ол тағы сурет.

Қыз: Олар мені естиді, олар менімен бірге өмір сүріп жатты. Оларды отқа лақтырмаңдар!

Қыз шеңберге түскен картиналарды алуға тырысады, бірақ оның қолы шеңбер ішіне кіре алмайды. Қыз шеңбер ішіндегі жалынан сескенеді. Сурет тағы бір картинаны алып, ондағы көріністі суреттейді де, тағы да шеңберге лақытырады.

Алтыншы сурет: «Варлаам мен Иосафат туралы аңыздан алынған адам өмірінің аллегориясы». «Псалтырь және Мәриям Қыз Сөзінен» алынған миниатюраның жұрнағы, Франция, ХІІІ ғ. Пьерпонт Морган кітапханасы, Нью Йорк.

Қыз суреттердің алдын тосуға, оларға мүмкіндік бермеуге тырысады бірақ олар өз істерін жалғасыра береді.

Қыз: Оларға тиіспеңдер! Олар күйіп кетеді ғой.

Жетінші сурет: Адам санасы енді бәрінен азат етіледі.

Сегізінші сурет: Бәрінен азат етіледі.

Тоғызыншы сурет: Өзін «Эскимос» деп атағаны үшін жылап тұрып тірі балықты отқа тастаған жеті жастағы Иннуиттік ұл. Гренландия. 1960

Сурет бұл картинаны да оп- оңай алып, шеңбердің ішіне қарай лақтырады.

Қыз: Ей, тастаңдар, тимеңдер!

Оныншы сурет: Енді сен ашулана алмайсың.

Бірінші сурет: Бос айқайлайсың.

Екінші сурет: Сенде бәрі өшті.

Үшінші сурет: Сен суретсің!

Төртінші сурет: Сен бізге қосылуға тиіссің.

Бесінші сурет: «Жауынгердің Аббас шаһтың келуі туралы арманы». Әбу әл -Хасанның жұмысы. Ұлы маңғолдар әулеті. Үндістан. ХVІІ &



<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>
Системный и ситуационный подходы | Первое представление о русских именах на карте мира.
Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-12-28; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 338 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Логика может привести Вас от пункта А к пункту Б, а воображение — куда угодно © Альберт Эйнштейн
==> читать все изречения...

789 - | 787 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.01 с.