Шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларында берілетін жерді және қоршаған ортаны қорғау жүйесіне мына шаралар жатады:
- ауыл шаруашылық және ауыл шаруашылығына жатпайтын жер иеліктерінің және жер пайдаланулардың шекараларын, аудандарын, орналасқан орнын және олар алып жатқан алқаптардың құрамын жобалағанда тиісті талаптарды орындау;
- тиісті нормативтік актілерде белгіленген арнайы табиғатты қорғау шараларын жобаларда қарастыру;
- жергілікті жерде табиғатты қорғау, денсаулықты жақсарту, рекреациондық және тарихи – мәдениеттік жерлердің шекараларын анықтау;
- барлық жер санаттарында табиғат қорғау жолақтарын жобалау.
Жерді және қоршаған ортаны қорғау шараларын жобалау Қазақстан Республикасының жер заңдылығының табиғатты қорғау жайында нормаларына және талаптарына сәйкес орындалады.
Шарушылық аралық жерге орналастыру жобасын жасауда жерді қорғау жеке шаралары келесі негізгі талаптарға байланысты орындалады:
- жерді жел, су және ирригациялық эрозиядан сақтау;
- суарылатын және мелиорацияланатын жерлердің тұздалуын және батпақтануын болдырмау;
- топырақтың құнарлығын, мал азықтық және басқа алқаптардың өнімділігін азайтатын әрекеттердің болмауын қамтамасыз ету;
- жердің құнарлылығын орнына келтіру (қайтару);
- алқаптарды тиімді ішкі шаруашылық ұйымдастыруға оптималды жағдай жасау;
- табиғат қорғау, денсаулық жақсарту және рекреациялық, мәдени-тарихи жерлерде ауыл шаруашылық және басқа жұмыстарды шектеу, авиацияның көмегімен өсімдіктерді химиялық қорғау жұмыстарын шектеу және тағы басқа.
Ауыл шаруашылық жер иеліктері мен жер пайдалануларының алқаптарында (шаруа қожалықтары, кооперативтер) қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз ететін шараларға келесілер жатады:
- жер пайдаланудың тиімді мөлшері және ауыл шаруашылық алқаптарының құрамы жерді тиімді пайдалануды және агроландшафты сақтауды қамтамасыз етеді;
- жел және су эрозияларына қарсы күресу мақсатында жер учаскесін және жер пайдаланудың шекараларын рельефке, жиі соғатын жел бағыттарына қарай тиімді орналастыру;
- агромелиоративтік топтардың қасиеттерін жер пайдалануды құруда есепке алу;
- суарылатын жерлерді ұйымдастырғанда жерді тиімді және толық пайдалануды және тұздалудың, эрозияның болмауын қамтамасыз ету;
- шаруашылық орталықтарын, өндіріс объектілерін орналастырғанда су көздерінің, өнімді алқаптардың ластанбауын қамтамасыз ету;
- шектеулі пайдалану, топырақ қорғау және басқа жерді тиімді пайдалануға бағытталған шаралар жүргізілетін жерлердің шекарасын белгілеу.
Жер - кеңістікте және сапа жағынан шектелген табиғи зат, өндірістік ресурс. Оның басқа заттар сияқты әртүрлі қасиеттері бар. Олардың ішінде: топырақ және өсімдік жамылғысы, жер қойнауы, сулары және кеңестік қасиеттері. Олардың адамзат тіршілігі мен қоғамдық өндірісі үшін маңызы зор. Сондықтан жердің бұл қасиеттерін үнемі арттырып отыру қоғамның ең күрделі міндеттерінің бірі. Бірақ аталған мәселені жүзеге асыру үшін көптеген қаржы қажет. Неден, қандай ic-әрекеттер мен құбылыстардан жерді қорғау керек:
- біріншіден, ысырапты жұмсау мен таратудан;
- екіншіден, тиімсіз және ұтымсыз пайдаланудан;
- үшіншіден, бүлінуден, ластанудан және басқа жердің сапасына кері әсер ететін құбылыстардан сақтау.
Жер мен айнала ортаны қорғау мәселесі жердің пайдаланылуын ұйымдастыруымен өзара байланысты. Сондықтан ол жерге орналастырудың ең маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Дұрыс жобалық шешімдердің қабылдануы тек осы екі мәселе біріңғай және өзара байланыста қаралғанда ғана қамтамасыз етіледі. Жерді және айнала ортаны қорғау жерге орналастыру мақсат-міндеттері:
- ұтымды экологиялық тепе-теңдікке сай алқаптардың құрамын қамтамасыз ету;
- жердің өндірістік қасиеттерін арттыруға қолайлы жағдайларды жасау;
- жердің кеңестік қасиеттерін ескере отырып, жер пайдаланушылықтар мен олардың межелерін дұрыс орналастыру;
- территориялық айнала ортаға бейімделген реттілігін қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 139-140 баптарында жерді қорғау және тиімді пайдалану қарастырылған. Онда ауылшаруашылық айналымынан негіздеусіз шығарып тастауды болғызбауға, зиянды антропогендік әсерлерден қорғауға, сондай-ақ топырақ құнарлығын, шабындықтардың, жайылымдардың және орман қоры жерінің өнімділігін қалпына келтіріп арттыруға бағытталған ұйымдық, экономикалық, құқықтық және басқа шаралар жүйесі қарастырылған. Кодекстің осы бөлігінде республикалық және аймақтық бағдарламаларға сәйкес жүргізілетін жер қорғау жөніндегі шаралар мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен, ал жер иеленушілер мен пайдаланушыларға берілген нақты жер учаскелерін жақсарту жөніндегі жұмыстар олардың жеке қаржылары есебінен жүзеге асырылады делінген.
Жердің пайдалануы мен қорғалуы мемлекеттік және қоғамдық міндет болып, табиғи мемлекеттік тарапынан оны жергілікті әкімшіліктер, жерге орналастыру қызметі, табиғатты қорғау органдары және арнайы уәкілдік берілген басқада органдар жүзеге асырылады.
Өзгерістерді уақтылы анықтап, оларға баға беру, жағымсыз процестер зардаптарын алдын алу мен оларды жою үшін жер қорының жайын қадағалап отыру жүйесі жер мониторингі деп аталады. Жер мониторингінің құрылымын, мазмұнын және жүзеге асырылуы тәртібін Министрлер кабинеті белгілейді.
Жалпы алғанда жерді қорғау жөніндегі шаралар үш бағытта жүргізіледі. Олар: құқықтық, экономикалық және техникалық. Егер біріншілері жерді қорғау жөніндегі шаралардың құқықтық және экономикалық негіздерін қамтамсыз етсе, соңғысы ол шаралардың жүзеге асырылуының нақты жолдары мен әдістерін қарастырады [28].
Экономикалық шаралардың түпкі мақсаты жерді ұтымды және тиімді пайдалануды ынталандыру. Олар келесі төлемдермен іске асырылады:
- жер пайдалану үшін төлем;
- экологиялық тұрғыдан таза жер пайдалануды ынталандыру үшін төлем;
- ауылшаруашылық өндірістің территориялық реттілігі бұзылғаны үшін төлем.
Құқықтық және экономикалық шаралар жерді қорғау жөніндегі техникалық шараларды анықтайда, ал техникалық шаралар құқықтық және экономикалық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді. Нақты техникалық шаралар арқылы бүкіл жерді қорғау жөніндегі ic-әрекеттер жүзеге асырылады. Осы мақсатпен әртүрлі шаруашылық аралық жобаларда мынандай көптеген техникалық шаралар ескеріледі:
- жаңа жерлер ауыл шаруашылық айналымға енгізілгенде экономикалық тепе-теңдіктің бұзылмауы қамтамасыз етіледі;
- жер иеленушіліктер мен жер пайдаланушылықтардың ұтымды орналасуы мен тиімді алқаптың құрамы іздестіріледі;
- жер иеленулер мен жер пайдаланулардың межелері эрозияға және басқа қолайсыз құбылыстарға қарсы бағытталған талаптарға сай жүргізіледі;
- суармалы алқаптарды орналастырғанда олардың тұздануы және т.с.с. теріс ықпалдарға ұшырауы ескеріледі;
- шаруашылық орталықтар және басқа өндірістік объектілер, экологиялық талаптар ескеріле отырып орналастырылады;
- тағы басқа көптеген осы мақсаттағы ic-әрекеттер ескеріледі.
Бұл тек шаруашылық аралық жерге орналастыруда қамтылатын шаралар.
Сонымен жалпы алғанда, жерді қорғау - бұл ұйымдастыру шаруашылық, құқықтық, экономикалық, техникалық және басқа жерді сақтап қалуға, қалпына келтіруге, ұтымды пайдалануға, талан-тараждан қорғауға бағытталған шаралар жүйесі.
Жер әртүрлі ауыл шаруашылық емес мақсаттарда пайдаланылғанда оның ең құнды құнарлы қабаты бүлінуі мүмкін. Бүлінген жер - адамның өндірістік ic- әрекетінің салдарынан шаруашылық құндылығын жоғалтқан, айнала ортаға ықпал тигізетін жер учаскелері.
Жер кодексінің 140 бабында «Жер иеленушілер мен жер пайдаланушылар, соның ішінде жалға алушылар топырақ құнарлығы, сондай-ақ жерің басқа да қасиеттерін қалпына келтіру мен арттыруды жүзеге асырады» делінген. Осымен қатар олар, бұл бап бойынша бүлінген жерлерді рекультивациялауға тиісті.
Рекультивация - бүлінген жерлердің биологиялық өнімділігі мен халық шаруашылық құндылығын бұрынғы қалпына келтіруге бағытталған инженерлік-техникалық, мелиоративтік, агротехникалық және т.с.с. шаралардың кешені. Сонымен қатар рекультивация міндеттеріне айнала ортаның жағдайын жақсарту да кіреді. Алғашқы қалпында келтірілген жер учаскелері ауыл шаруашылық алаптарға, ормандарға, су қоймаларына немесе демалыс зоналарына айналдырылуы мүмкін. Ондай мақсаттарға жарамсыз жерлер әртүрлі құрылыс жүргізуге пайдаланылады. Рекультивация екі кезеңде жүргізіледі: а) техникалық рекультивация; е) биологиялық рекультивация.
Біріншісінің мақсаты жер бетінің кеңістік қасиеттерін қалпына келтіріп биологиялық рекультивацияға осы жағынан жағдай жасау: жерді тегістеу, керекті жағдайларда химиялық мелиорацияны жүргізу, жол, гидротехникалық және басқа инфрақұрылымдарды қалыптастыруды қамтиды. Биологиялық рекультивацияның міндеті жердің құнарлығын қалпына келтіру. Ол үшін әртүрлі агротехникалық, фитомелиорациялық шаралар жүргізіледі. Бұл ic-әрекеттердің соңғы мақсаты сол жердің флора мен фаунасын, шаруашылық өнімділігін қалпына келтіру.
Топырақтың құнарлы қабатын алу, сақтау және пайдалану
Жоғарыда айтылған Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 140 бабы бойынша «Жер иеленушілер мен жер пайдаланушылар, соның ішінде арендаушылар... жердің бүлінуіне байланысты жұмыстарды жүргізген кезде топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алып, пайдалануды және сақтауды жүзеге асырады» - деп жазылған.
Алынатын жердің топырағының құнарлы қабатын (ТҚҚ) сыдырып алу, сақтау және пайдалану жөніндегі техникалық шарттар ауыл шаруашылық емес объектінің орналастыратын орнын алдын ала белгілеу уақытында зерттеліп дайындалады [29].
Топырақты зерттеу материалдарының негізінде тұрақты және уақытша пайдалануға алынған жерлердің арасынан топырақтың құнарлы қабатын (ТҚҚ) сыдыруға тиісті учаскелерді таңдап алу қажет. Мұндайларға құнарлы қабаты 10 сантиметрден асатындары жатады. Топырақтың құнарлы қабаты сыдырылатын учаскелердің аудандары тұрақты және уақытша алынатын учаскелер бойынша бөлек есептеледі.
Бақылау сұрақтары:
1. Шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларында қарастырылатын жерді және қоршаған ортаны қорғау шаралары
2. Шарушылық аралық жерге орналастыру жобасын жасауда жерді қорғау жеке шаралары қандай талаптарға байланысты орындалады?
3. Ауыл шаруашылық жер иеліктері мен жер пайдалануларында қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз ететін шаралар.
4. ШАЖО жобаларында қарастырылатын техникалық шаралар.
5. Рекультивация жайында түсінік.
6. Топырақтың құнарлы қабатын алу, сақтау және пайдалану.