Ауыл шаруашылығына жатпайтын жер пайдалануларды және жер меншігін құру іс барысы:
- берілетін жердің орны және ауданы жайында қызығушылығына тиетін мекемелермен, кәсіпорындармен, ұйымдармен және жеке азаматтармен алдын ала келісім жасау;
- жергілікті жерде сол жер учаскесін таңдап алу;
- жер бөліп беру жобасын жасау және оны пайдалануға беру.
Шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасын құруға өтініш берушінің арызына байланысты тиісті деңгейдегі әкімшіліктің объектінің орналасатын орнын анықтау бойынша шешімі негіз болып келеді.
Жеке адамдар, мекемелер, шаруашылықтар, басқа жер алуға мүдделілер жобалау жұмыстарын жүргізер алдында жер иелерімен, жер пайдаланушылармен және тиісті Үкімет орындарымен алдын ала объектінің орналасатын орны және алынатын жер учаскесінің ауданы жайында келісім жасаулары керек.
Алдын ала келісім жасау
Объектінің орналасуы жайында алдын ала келісім материалдары тапсырма берушімен келісім құжаттары және жобалауға тапсырма бойынша дайындалады. Бұл кезеңде келесі жерге орналастыру жұмыстары жүргізіледі:
1. дайындық жұмыстары;
2. жергілікті жерде жер учаскесін таңдап алу және оның ауданын және орналасқан орнын негіздеу;
3. таңдап алынған жер учаскесінің шамамен мөлшері, орны жайындағы құжаттарды дайындау және келісім жасау.
Дайындық жұмыстарында тиісті құжаттар мен материалдар жиналады: жер бөліп беруде қамтитын жер пайдаланулар мен жер иеліктерінің пландарының көшірмелері және жер-есептік деректері; жерге орналастыру объектісінің территориясында жүргізілген топырақты бонититеттеу және жерді экономикалық бағалау материалдарын жинау және зерттеу; өндірістік маңызы бар пайдалы қазбалардың болуы жайында анықтама алу; бұрынғы жүргізілген зерттеу және ізденіс жұмыстарының (топырақ, геоботаникалық, агрошаруашылық, мелиоративтік және т.б.) материалдарын жинау, жүйелеу және зерттеу; бөлінетін жерде үйлердің, ғимараттардың, жеміс-жидек, қорғаныш орман алқаптарының, аяқталмаған өндірістің бар болуы және олардың бағасы жайында деректер жинау.
Жергілікті жерде жер учаскесін таңдап алуды аудан әкімшілігінің Үкімі бойынша құрылған комиссия орындайды. Ол комиссия жер учаскесін беру мүмкіндігін: жер қорынан, қолданыстағы заңдылық негізінде басқа біреуден алып қою немесе сатып алу жолдарын қарастырады.
Жер комиссиясы келесі талаптарды басшылыққа алады:
- құнды ауылшаруашылық алқаптарын және қазіргі кезде қалыптасқан территорияның ұйымдастырылуын неғұрлым сақтап қалуды;
- эрозиялық процесстің, жердің балшықтануын және тұздануын болдырмауды;
- жерлерін алатын шаруашылықтардың жер пайдаланулары мен жер иеліктерінде кемшіліктердің пайда болмауына;
- ауылшаруашылық алқаптарын жақсартуға, территорияны инженерлік дайындауға және жабдықтауға арналған күрделі қаржы жұмсалуының тиімді болуын және объектінің аймақтың экологиялық жағдайын өзгертуін ескеру;
- сұралатын жерлерде орналасқан ерекше құнды жерлер тізіміне кіретін тарихи және мәдениет ескерткіштерінің, сауықтандыру объектілерінің және ерекше қорғалатын табиғи және тарихи-мәдениет объектілері орналасқан, мемлекеттік және қоғамдық қажеттіліктерге алуға жатпайтын жерлердің сақталуын қамтамасыз етуді.
Жергілікті жерде жер учаскесін таңдап және оның орналасқан орнын негіздеу үшін келесі жерге орналастыру жұмыстары орындалады:
- жергілікті жерде учаскені көріп, таңдап, оның орны мен мөлшерін анықтау;
- берілетін жер учаскесінің таңдап алынған орнының және көлемінің шешілетін мәселелерге, жасалатын жұмыстарға сәйкестігін дәлелдеу;
- таңдап алынған жер учаскесінің көлемі, орны жайындағы құжаттарды дайындау және келісім жасау;
- жерді пайдалануда қойылатын негізгі шарттарды дайындау (табиғатты қорғау, жер иелері мен жер пайдаланушылардың құқығын шектеу, көпір, жол, су жүргізу, су ағынын ауыстыру, коллекторлық-дренаждық жүйелерді өзгерту және т.б.);
- жер иеленушілері мен жер пайдаланушылардың тілек-талаптарын, олардың жер пайдалануларында қалыптасқан жағдайларды қайтадан орналастыру жайында ұсыныстар жасау.
Берілетін жер учаскесінің көлемі тиісті нормативтер, объектінің генералдық планы, техника-экономикалық негіздеу материалдары немесе аналогтар арқылы анықталады.
Жер учаскесінің көлемі құрылыс нормасы және ережелері (ҚНжЕ) өндіріс территориясындағы құрылыстың тығыздығын белгілейтін нормативтер арқылы анықталады. Өндіріс территориясында өндіріс құрылыстары мен ғимараттарын максималды блоктауға тырысу керек.
Объектіні тиімді орналастыру үшін бірнеше нұсқа қаралады. Ол нұсқалар табиғатты қорғау және пайдалану заңдық актілеріне, қолданылудағы санитарлық-гигиеналық, өртке қарсы, архитектуралық-пландау және басқа нормаларға, ережелерге және салынатын объектіні жобалау және салу нұсқауларына сәйкес болулары керек.
Қолданудан алынатын жердің құндылығын анықтау үшін және ол өзгеріске байланысты жердің негативтік өзгерісін анықтау және оны болғызбау үшін келесі шаралар жасалынады:
1. жер пайдаланудың планына объектінің орналасу варианттары түсіріледі, жергілікті жерде ауылшаруашылық алқаптар бойынша учаскенің ауданы анықталады, өлшенеді, әр вариант бойынша экспликация құрылады;
2. бонититеттеу, бұрын жасалған топырақтық және геоботаникалық ізденістер материалдары бойынша әр ауылшаруашылық алқаптары бойынша топырақ түрлерінің және әр нұсқа бойынша орташа бонитет балы анықталады;
3. іргелес, жақын жатқан жерлерде болатын жарамсыз өзгерістерді: су басып кетуін, ылғалдылығының жоғарылануын, тұзының көтерілуін, эрозиялық процесстерді туғызу жолдарын анықтау және олардың болмауына әрекет жасау үшін орындалатын шараларды белгілеу.
Жер учаскесін таңдау комиссиясының жұмысының шешімі актіленеді. Актіге жер учаскесінің шекарасы белгіленген сызба бірге тіркеліп, барлық мүшелерінің қолы қойылады. Жергілікті жерде жер учаскесін таңдау комиссиясының жер бөлу Актісінде келесі деректер көрсетіледі:
- жер кадастры, топырақ және геоботаникалық ізденіс материалдары бойынша жер учаскесінің сипаттамасы, бонитет балы;
- жер учаскесінде орналасқан құрылыс, ғимарат, суландыру және кептіру каналдары және басқа ғимараттар, көп жылдық өсімдіктер, аяқталмаған өндіріс, оның баланстық құны;
- жерін мүлдем немесе уақытша алып қойған шаруашылықтардың ірі нормативтер арқылы есептелген шығыны;
- ауыл және орман шаруашылықтарының шығыны;
- кен қорғау территориялық басқармасының өндірістік пайдалы кеннің жоқ екендігі жайында қорытындысы; ал бар болса - мемлекеттік тау техникалық қараудың (госгортехнадзордың) құрылыс жүргізуге немесе пайдалануға берілетін рұқсаты. Ал кен бар болса мемлекеттік тау-техникалық бақылау мекемелерінің бұл учаскелерде құрылыс жүргізуге жерді пайдалануға болатыны жайында келісімі;
- объектіні орналастыру нұсқаларының ішіндегі ең тиімді нұсқалар бойынша есептеулер және экономикалық көрсеткіштер (экономикалық көрсеткіштер және есептеулер Актіге қосымша ретінде салынады);
- объектінің орналасуы жайында комиссияның қорытындысы және жерді пайдалану бойынша беретін ұсыныстары;
- объектінің генералдық планының схемасы
- жер пайдаланулардың және жер иеліктерінің құрама планы. Планға объектінің орналасу нұсқалары және басқа мәтінде көрсетілген жоба бойынша белгіленген элементтері көрсетіледі.
Жер учаскесін таңдауда және оның орналасуын негіздеуде шамамен іріленген нормативтермен алдын ала келесі көрсеткіштер анықталады:
- берілетін жердің ауданын анықтау және негіздеу;
- берілетін жер учаскесін территорияда тиімді жағдайда орналастыру;
- берілетін жердің құрамы мен құндылығын анықтау, оның салдарынан пайда болатын жағымсыз жағдайларды анықтау және оларды болдырмау жолдарын қарастыру;
- ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы шығындарының мөлшерін анықтау және оларды қайтару тәсілдерін қарастыру;
- жер иелері мен жер пайдаланушылардың шығындарының түрлері (үйлер мен ғимараттарды, тұрғындарды көшіру, бітпеген өндіріс және т.б.) мен мөлшерлерін анықтау және оларды қайтару тәсілдерін қарастыру;
- бүлінген жерлерді рекультивациялау жайында ұсыныстарды дайындау;
- жерді пайдалану жайындағы негізгі ұсыныстарды (табиғатты қорғау шаралары; жер пайдаланушылар мен жер иелерінің құқықтарын шектеу; жол, көпір, өткел, су ағынын бұру немесе қоршау дамбаларын салу; суару және коллекторлық-дренажды жүйені қайта жайластыру және т.б.) дайындау;
- қазіргі кездегі бар жер иеліктерінің және жер пайдаланулардың территорияларын және өндірістерді қайта ұйымдастыру.
Жер учаскесін таңдау материалдары бойынша жер алатын және жер беретін жеке адамдармен немесе мекемелермен, аудандық және облыстық жер қатынастары басқармаларымен, микэкобиоресурстар, санитарлық-эпидемиялық қызметтермен және т.б. мүддесіне тиетін мекемелермен келісім жасалады, содан кейін аудандық әкімшілікке қарауға тапсырылады.
Кейбір ерекше жағдайларда, жер учаскесінің бонитет балының орташа аудандық кадастрлық балдан жоғары болған жағдайда, қаланың шетіндегі қорғау зоналарын, ауыл шаруашылық және биологиялық профильдегі ғылыми-зерттеу және білім беру мекемелерінің жерлерін алу керек болған жағдайларда аудандық әкімшілікте қаралғаннан кейін құжаттар облыстық әкімшілікте, кейде ҚР Үкіметінде қаралады.