Лекции.Орг


Поиск:




Бап. Талап етудi беру нысаны




1. Жазбаша (жай немесе нотариалды) түрде жасалған мәмiлеге негiзделген талап етудi беру тиiстi жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Мемлекеттiк тiркеудi талап ететiн мәмiле бойынша талап етудi беру осы мәмiленi тiркеу үшiн белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс.
3. Ордерлi бағалы қағаз бойынша талап етудi беру осы бағалы қағаздағы индоссамент арқылы жасалады (осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағы).

347-бап. Талап етудi берген несие берушiнiң
жауапкершiлiгi

Талап етудi берген бастапқы несие берушi жаңа несие берушiнiң алдында оған берiлген талаптардың жарамсыздығы үшiн жауап бередi, бiрақ бұл талапты борышқордың орындамағаны үшiн бастапқы несие берушi жаңа несие берушiнiң алдында борышқор үшiн кепiл болуды өзiне алғаннан басқа жағдайда, сондай-ақ егер осы Кодексте немесе шартта өзгеше көзделмесе, жауап бермейдi.
Ескерту. 347-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 426 Заңымен.

348-бап. Борыштың ауысуы

1. Борышқордың өз борышын басқа адамға ауыстыруына тек несие берушiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi.
2. Жаңа борышқор несие берушiмен бастапқы борышқордың арасындағы қатынастарға негiзделген қарсылықтарын несие берушiнiң талабына қарсы қоюға құқылы.
3. Борышты аудару нысанына тиiсiнше осы Кодекстiң 346-бабының 1 және 2-тармақтарындағы ережелер қолданылады.
4. Мiндеттеменiң жекелеген түрлерi бойынша қарызды аудару ерекшелiктерi заң актiлерiнде белгiленуi мүмкiн.
Ескерту. 348-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

20-тарау. Міндеттеменің бұзылғандығы
үшін жауаптылық

349-бап. Мiндеттеменiң бұзылғандығы ұғымы

1. Мiндеттеменi орындамау, не тиiстi дәрежеде орындамау (мезгiлiнде орындамау, тауарлар мен жұмыстарды толық орындамау, мiндеттеме мазмұнында белгiленген басқа жағдайларды бұзып орындау) - тиiсiнше орындамау оның бұзылуы деп түсiнiледi. Тиiстi дәрежеде орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда борышқор бұл туралы несие берушiге дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Мiндеттеменi бұзғандық үшiн борышқорды жауапқа тарту несие берушiнiң талап етуi бойынша жүргiзiледi.

350-бап. Мiндеттеменiң бұзылуынан туындаған
залалдардың орнын толтыру

1. Мiндеттеменi бұзған борышқор несие берушiге оның бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырып беруге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы). Айып төлеумен қамтамасыз етiлген мiндеттемедегi залалдың орнын толтыру осы Кодекстiң 351-бабында көзделген ережелермен белгiленедi.
2. Мiндеттеменiң бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырудан борышқорды босату жөнiндегi тараптардың мiндеттеме бұзылғанға дейiн қабылдаған келiсiмi жарамсыз болады, алайда тараптар өзара келiсiм бойынша мүлiктегi нақты келтiрiлген зиянды ғана өндiрiп алуды көздеуi мүмкiн.
3. Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, залалды анықтаған кезде, мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде, борышқор несие берушiнiң талабын өз ықтиярымен қанағаттандырған күнi, ал егер талап ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, талап арыз берiлген күнi қолданылған баға назарға алынады. Мән-жай негiзге ала отырып, сот шешiм шығарған күнi не нақты төлем төленген күнi қолданылған бағаны назарға ала келiп, залалдың орнын толтыру туралы талапты қанағаттандыра алады.
4. Айырылып қалған пайданың мөлшерiн анықтаған кезде оны алу үшiн несие берушi алдын ала қолданған шаралар және осы мақсатта жасалған дайындықтар ескерiледi.
5. Егер мұның өзi мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен жалтару мақсатымен жасалғанын дәлелдесе, несие берушi борышқордың, сондай-ақ оның мүлiк иесiнiң кез-келген iс-әрекетiн жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
Ескерту. 350-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

351-бап. Залалдар және айып төлеу

1. Егер мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiстi дәрежеде орындалмағаны үшiн айып төлеу белгiленсе, залалдар айып төлеумен жабылмаған бөлiгiнде өтеледi.
Заңдарда немесе шартта залалдарды емес, айып төлеудi өндiрiп алуға жол берiлетiн; залал толық сомасында айып төлеуден тыс өндiрiп алынуы мүмкiн; несие берушiнiң таңдауы бойынша не айып төлеу, не шығын өндiрiп алынуы мүмкiн болатын жағдайлар көзделуi ықтимал.
2. Мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiстi дәрежеде орындалмағаны үшiн шектелген жауаптылық белгiленген жағдайларда айып төлеу арқылы жабылмаған бөлiгiнде, не одан тыс, не оның орнына өтелуге жататын залал осындай шектелумен белгiленген шекке дейiн өндiрiп алынуы мүмкiн.

352-бап. Мiндеттеменiң бұзылуынан келтiрiлген
моральдық нұқсанды өтеу

Мiндеттеменiң бұзылуынан келтiрiлген моральдық нұқсан осы Кодекстiң 350-бабында көзделген залалдардан тыс өтеледi.

353-бап. Басқаның ақшасын заңсыз пайдаланғаны
үшiн жауапкершiлiк

1. Ақша мiндеттемесiн орындамау салдарынан бiреудiң ақшасын заңсыз пайдаланғаны не оларды төлеу мерзiмiн өткiзiп жiбергенi, не оларды негiзсiз алғаны немесе басқа адамның есебiне сақтағаны үшiн тұрақсыздық айыпақы төленуге тиiс. Айыпақының мөлшерi ақша мiндеттемесiн немесе оның тиiстi бөлiгiн орындаған күнгi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасы негiзiнде есептеледi. Борышты сот тәртiбiмен өндiрiп алу кезiнде сот несие берушiнiң таңдауы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қуыным жасалған немесе шешiм шығарылған немесе iс жүзiнде төленген күнгi қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негiзге ала отырып, несие берушiнiң талабын қанағаттандыра алады. Егер заң құжаттарында немесе шартта айыпақының өзге мөлшерi белгiленбесе, осы ережелер қолданылады.
2. Басқаның ақшасын пайдаланғаны үшiн айыпақы, егер заңдарда немесе шартта айыпақы сомаларын есептеудiң өзге тәртiбi белгiленбесе, бұл ақшаның сомасы несие берушiге төленген күнге дейiн өндiрiлiп алынады.
3. Егер несие берушiнiң ақшасын заңсыз пайдаланудан оған келтiрiлген залал осы баптың 1-тармағының негiзiнде оған тиесiлi айыпақының сомасынан асып кетсе, ол борышқордан осы сомадан асатын бөлiкте залалды өтеудi талап етуге құқылы.
Ескерту. 353-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, өзгерту енгізілді - 2007.01.12. N 225 Заңдарымен.

354-бап. Жауапкершiлiк және мiндеттеменi заттай
орындау

1. Мiндеттеме тиiстi дәрежеде орындалмаған жағдайда айып төлеу және залалдарды өтеу, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқорды мiндеттеменi орындаудан босатпайды.
2. Мiндеттеме орындалмаған жағдайда залалды өтеу және оны орындамағаны үшiн айып төлеу, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқорды міндеттеменi заттай орындаудан босатады.
3. Мерзiмi өтiп кеткендiктен өзi үшiн ендi керегi болмай қалған мiндеттеменiң орындалуынан несие берушiнiң бас тартуы (осы Кодекстiң 365-бабы), сондай-ақ бас тарту төлемi ретiнде белгiленген ақшалай соманы төлеу (осы Кодекстiң 369-бабы) борышқорды мiндеттеменi заттай орындаудан босатады.
Ескерту. 354-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

355-бап. Белгiлi бiр затты жеке беру мiндеттемесiн
орындамаудың салдары

1. Белгiлi бiр затты меншiкке, шаруашылық жүргiзуге, жедел басқаруға немесе несие берушiнiң пайдалануына жеке беру мiндеттемесiн орындамаған жағдайда, бұл затқа үшiншi жақтың артықшылық құқығы болмаса, несие берушi оны борышқордан алып қоюды және несие берушiге берудi талап етуге құқылы.
2. Затты беру борышқорды залалдың орнын толтырудан босатпайды.

356-бап. Мiндеттеменi борышқордың есебiнен
орындау

Борышқор затты жасап, несие берушiге беру немесе оған белгiлi бiр жұмыс жасап беру немесе қызмет көрсету мiндеттемесiн орындамаған жағдайда заңдардан, шарттан немесе мiндеттеменiң мәнiнен өзгеше туындамайтындықтан, несие берушi мiндеттеменi орындауды үшiншi адамдарға ақылға қонымды бағаға ақылға қонымды мерзiмде тапсыруға немесе оны өз күшiмен орындауға және шыққан қажеттi шығындар мен басқа залалдарды өтеудi борышқордан талап етуге құқылы.

357-бап. Субсидиялық жауапкершiлiк

1. Заңдарға немесе мiндеттеменiң шарттарына сәйкес негiзгi борышқор болып табылатын (субсидиялық жауапкершiлiк) басқа адамның жауапкершiлiгiне қосымша жауапты болатын адамға талап қойғанға дейiн кепiл берушi талапты негiзгi борышқорға қоюға тиiс.
Егер негiзгi борышқор несие берушiнiң талабын қанағаттандырудан бас тартса, не оны толық орындамаса немесе несие берушi одан қойылған талапқа ақылға қонымды мерзiмде жауап алмаса, бұл талаптың орындалмаған бөлiгi субсидиялық жауапкершiлiгi бар адамға қойылуы мүмкiн.
2. Егер бұл талап негiзгi борышқорға қарсы қойылған талапқа жатқызу (осы Кодекстiң 370-бабы) арқылы қанағаттандырылуы мүмкiн болса, несие берушi өзiнiң негiзгi борышқорға қоятын талабын субсидиялық жауапкершiлiгi бар адамның қанағаттандыруын талап етуге құқылы емес.
3. Субсидиялық жауапкершiлiгi бар адам оған несие берушi қойған талапты қанағаттандыруға дейiн бұл туралы негiзгi борышқорға ескертуге, ал егер мұндай адамның үстiнен талап арызы түссе, негiзгi борышқорды iске қатыстыруға тиiс.
Олай болмаған жағдайда негiзгi борышқордың несие берушiге қарсы айтайын деген қарсылықтарын субсидиялық жауапкершiлiгi бар адамның регрестiк талабына қарсы қоюға құқығы бар.
Ескерту. 357-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

358-бап. Мiндеттемелер жөнiндегi жауапкершiлiктiң
мөлшерiн шектеу

1. Мiндеттеменiң кейбiр түрлерi бойынша және қызметтiң белгiлi бiр түрлерiне байланысты мiндеттемелер бойынша заң құжаттары залалды толық өтеу құқығын шектей алады (шектелген жауапкершiлiк).
2. Егер мiндеттемелердiң осы түрi немесе осындай құқық бұзушылық үшiн жауапкершiлiк мөлшерi заңдармен белгiленген болса, қосылу шарты бойынша немесе тұтынушы ретiндегi азамат несие берушi болып табылатын өзге шарт бойынша борышқордың жауапкершiлiк мөлшерiн шектеу жөнiндегi келiсiм жарамсыз болады.
Ескерту. 358-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

359-бап. Мiндеттеменiң бұзылғандығы үшiн
жауапкершiлiк негiздерi

1. Борышқор кiнәлi болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны және (немесе) тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады.
2. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде мiндеттеменi орындамаған немесе тиiстi дәрежеде орындамаған адам, егер бой бермейтiн күштiң, яғни осы жағдайлар кезiндегi төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары және т.б.) салдарынан тиiстi дәрежеде орындауға мүмкiндiк болмағандығын дәлелдей алмаса, мүлiктiк жауаптылықты көтередi. Ондай мән-жайларға, атап айтқанда, мiндеттеменi орындау үшiн қажеттi тауарлардың, жұмыстардың немесе қызмет көрсетудiң рынокта болмауы жатпайды.
Заңдарда немесе шартта жауапкершiлiктiң және одан босатылудың өзге негiздерi ескерiлуi мүмкiн.
3. Мiндеттеменi қасақана бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi жою немесе шектеу туралы алдын-ала жасалған шарт жарамсыз болады.

360-бап. Мiндеттемедегi кәсiпкерлiк тәуекел

Егер мiндеттемеде кәсiпкердiң тапсырысы бойынша әлдебiр жұмысты орындау көзделсе, жұмыстың нәтижесiн пайдаланудың мүмкiн еместiгi немесе оны пайдаланудың тиiмсiз болу тәуекелi кәсiпкерге жүктеледi. Жұмысты тиiстi дәрежеде орындаған адам, егер шартта өзге кәсiпкерлiк тәуекелдi бөлу көзделмесе, орындау дәрежесiне сәйкес ақы алуға құқылы.

361-бап. Екiжақты шартты орындамаудың салдары

Егер екiжақты шартта тараптардың бiрде-бiрi жауап бермейтiн мән-жайдың салдарынан тараптардың бiреуi үшiн мiндеттеменi орындауға мүмкiншiлiк болмаса, заң құжатында немесе шартта өзгеше көзделмегендiктен, шарттың орындалуын тараптардың ешқайсысының да талап етуге құқығы жоқ. Мұндай жағдайда тараптардың әрқайсысы өзi орындағанның бәрiн қайтаруды тиiстi қарсы орындауды алмай-ақ талап етуге құқылы.

362-бап. Борышқордың өз қызметкерлерi үшiн
жауапкершiлiгi

Борышқордың мiндеттемесiн орындау жөнiндегi лауазымды адамдарының немесе өзге қызметкерлерiнiң әрекеттерi борышқордың әрекеттерi болып есептеледi. Борышқор бұл әрекеттер үшiн, егер олар мiндеттеменi орындамауға немесе тиiстi дәрежеде орындамауға әкелiп соқтырса, жауап бередi.

363-бап. Борышқордың үшiншi жақтардың
әрекеттерi үшiн жауапкершiлiгi

1. Үшiншi жақтардың борышқор алдындағы өз мiндеттерiне қатысты әрекетi не әрекетсiздiгi мiндеттеменi бұзудың себебi болғанда да борышқор несие берушiнiң алдында жауап бередi.
Егер заңдарда тiкелей орындаушы жауап бередi деп белгiленбесе, борышқор несие берушi алдындағы өз мiндетiн жүктеген үшiншi жақтардың әрекетi немесе әрекетсiздiгi үшiн де жауап бередi.
2. Борышқор үшiншi жақтардың әрекеттерiнен немесе әрекетсiздiгiнен мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен олардың кiнәсiздiгi дәлелденгеннен кейiн босатылуы мүмкiн.
Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде борышқор үшiншi жақтардың әрекеттерiнен немесе әрекетсiздiгiнен мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен, егер оған дүлей күштер себепшi болса, босатылады (осы Кодекстiң 359-бабының 2-тармағы).
3. Үшiншi жақтардың құқықтарымен мiндеттеме нысанасын ауырлатуға байланысты мiндеттеме бұзылғанда, егер ондай ауырлату несие берушiмен шарт жасасқанға дейiн пайда болса және несие берушiге ол туралы шарт жасасу кезiнде ескертiлсе ғана, борышқор жауапкершiлiктен босатылады.
4. Заңдарда немесе шартта үшiншi жақтардың әрекеттерi үшiн борышқор жауапкершiлiгiнiң өзге жағдайлары көзделуi мүмкiн.

364-бап Несие берушiнiң кiнәсi

1. Егер мiндеттеменiң орындалмауы немесе тиiстi дәрежеде орындалмауы екi тараптың да кiнәсiнен болса, сот оған сәйкес борышқор жауапкершiлiгiнiң көлемiн азайтады. Сот, егер несие берушi мiндеттеменiң орындалмауынан немесе тиiстi дәрежеде орындалмауынан келтiрiлген залал көлемiнiң ұлғаюына қасақана немесе абайсызда себепкер болса немесе олардың азаюына ақылға қонымды шаралар қолданбаса, борышқор жауапкершiлiгiнiң мөлшерiн де азайтады.
2. Борышқор заң актiлерi немесе шарт бойынша өзiнiң кiнәсiне қарамастан мiндеттеменiң орындалмағанына немесе тиiстi дәрежеде орындалмағанына жауап беретiн жағдайларда да осы баптың 1-тармағының ережелерi тиiсiнше қолданылады.
Ескерту. 364-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

365-бап. Борышқордың мерзiмдi өткiзiп алуы

1. Мiндеттеменiң орындалу мерзiмiн өткiзiп алған борышқор несие берушiнiң алдында мерзiмдi өткiзiп алу арқылы келтiрiлген залал үшiн және мерзiмiн өткiзiп алу кезiнде туындаған кездейсоқтықтан орындай алмауының салдары үшiн жауап бередi.
2. Егер борышқордың мерзiмдi өткiзiп алуы салдарынан мiндеттеменi орындау несие берушiге керексiз болып қалса, ол мiндеттеменi орындауды қабылдаудан бас тартып, залалды өтеудi талап ете алады.
3. Несие берушiнiң мерзiмдi өткiзiп алуы себептi мiндеттеме әзiрше орындала алмайтын болса, борышқор мерзiмдi өткiзiп алушы болып саналмайды (осы Кодекстiң 366-бабы).

366-бап. Несие берушiнiң мерзiмдi өткiзiп алуы

1. Егер несие берушi борышқор ұсынған тиiстi дәрежедегi орындауды қабылдаудан бас тартса, немесе заңдарда немесе шартта көзделген, не iскерлiк айналым дәстүрлерiнен немесе аяқталғанға дейiн борышқор өз мiндетiн атқара алмаған мiндеттiң мәнiнен туындайтын әрекеттердi жасамаған болса, ол мерзiмдi өткiзiп алған болып есептеледi.
Борышқордың мiндеттеменi орындағанын тиiстi түрде растаудан бас тартқан жағдайда да несие берушi мерзiмдi өткiзiп алған болып есептеледi.
2. Егер несие берушi мерзiмдi өткiзiп алу, не өзi, не заңдар бойынша немесе несие берушiнiң тапсыруымен мiндеттеменiң орындалуын қабылдап алу жүктелген адамдар жауап бермейтiн жағдайларға байланысты болғанын дәлелдеп бермесе, несие берушiнiң мерзiмдi өткiзiп алуы борышқорға мерзiмдi өткiзiп алудан келтiрiлген залалдың орнын толтыруға құқық бередi.
Мерзiмдi өткiзiп алған несие берушiге мерзiмдi өткiзiп алған кезде мiндеттеменi орындаудың кездейсоқ мүмкiн болмай қалуының барлық қолайсыз салдары жүктеледi.
3. Ақшалай мiндеттеме бойынша борышқор несие берушiнiң мерзiмдi өткiзiп алғаннан кейiнгi уақытына сыйақы (мүдде) төлеуге мiндеттi емес.
Ескерту. 366-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.

21-тарау. Міндеттемені тоқтату

367-бап. Мiндеттеменi тоқтату негiздерi

1. Мiндеттеме орындалса, талаптан бас тарту төлемi төленсе, борышты есепке жатқызылса, жаңғыртылса, борышты кешiру арқылы борышқор мен несие берушi бiр тұлға болса, орындауға мүмкiндiк болмаса, мемлекеттiк органның құжаты шығарылса, азамат қайтыс болса, заңды тұлға таратылса, толық немесе iшiнара тоқтатылады.
2. Мiндеттеменi тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша тек заңдарда көзделген жағдайларда ғана тоқтатуға жол берiледi.
3. Заңдар мен шартта мiндеттеменi тоқтатудың басқа да негiздерi көзделуi мүмкiн.

368-бап. Мiндеттеменi орындау арқылы тоқтату

1. Мiндеттеме тиiстi дәрежеде орындалғанда тоқтатылады.
2. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
Ескерту. 368-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.

369-бап. Бас тарту төлемi

Тараптардың келiсiмi бойынша мiндеттеме орындалудың орнына бас тарту төлемiн беру (ақша төлеу, мүлiк беру және т.б.) арқылы тоқтатылуы мүмкiн. Бас тарту төлемiнiң мөлшерiн, мерзiмдерiн және тәртiбiн тараптар белгiлейдi.

370-бап. Мiндеттеменi есепке жатқызу арқылы тоқтату

1. Мiндеттеме мерзiмi жеткен, не мерзiмi көрсетiлмеген немесе мерзiмi талап ету кезiмен белгiленген бiртектес қарсы талапты есепке жатқызу арқылы толық немесе бөлiк-бөлiгiмен тоқтатылады. Есепке жатқызуға бiр тараптың өтiнiшi жеткiлiктi.
2. Мына талаптарды:
1) егер тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша талапқа заңды талап мерзiмiн қолдануға болса және ол мерзiм өтiп кетсе;
2) азаматтың өмірi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы;
3) алимент өндiрiп алу туралы;
4) өмiр бойы асырау туралы;
4-1) егер кредитордың талабы талап ету құқығын басқаға беру шартынан (шарттарынан) туындайтын болса, лицензиядан айрылған не консервациялау немесе тарату процесінде тұрған банкке қойылатын талаптарды;
5) заңдарда немесе шартта көзделген басқа да жағдайларды есепке жатқызуға жол берiлмейдi.
3. Талап өзгеге өткен жағдайда борышқор жаңа несие берушiнiң талабына қарсы өзiнiң бастапқы несие берушiге керi талабын есепке жатқызуға құқылы.
Егер талап борышқор талап етудi беру туралы хабарды алған кездегi негiзден туындаса және талап мерзiмi оны алғанға дейiн туса, не ол мерзiм көрсетiлмесе немесе талап ету кезiмен белгiленсе, ол есепке жатқызылады.
Ескерту. 370-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211, 2005.12.23 N 107 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

371-бап. Мiндеттеменiң борышқор мен несие берушінiң бiр
тұлға болуы себептi тоқтатылуы

Мiндеттеме борышқор мен несие берушi бiр тұлға болуы себептi тоқтатылады.

372-бап. Мiндеттеменiң жаңғыртылуға байланысты
тоқтатылуы

1. Мiндеттеме тараптардың арасында болған бастапқы мiндеттеменi ауыстыру туралы келiсiммен сол адамдардың арасындағы орындаудың өзге нысанасын немесе әдiсiн көздейтiн басқа мiндеттемемен (жаңғыртылуға байланысты) тоқтатылады.
2. Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi және алимент төлеу жөнiндегi мiндеттемелерге қатысты жаңғыртылуға жол берiлмейдi.
3. Жаңғыртылу, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, бастапқы мiндеттемеге байланысты қосымша мiндеттемелердi тоқтатады.

Бап. Борышты кешiру

Несие берушi борышқорды мойнына алған мiндеттерiнен босатқанда, егер бұл несие берушiнiң мүлкiне қатысты басқа адамдардың құқықтарын бұзбайтын болса, мiндеттеме тоқтатылады.

374-бап. Орындауға мүмкiндiк болмағандықтан
мiндеттеменiң тоқтатылуы

1. Егер мүмкiндiктiң болмауы борышқор жауап бермейтiн жағдайлардан туындаса, орындауға мүмкiндiк болмағандықтан мiндеттеме тоқтатылады. Бұл ереженiң күшi ақшалай мiндеттемелерге қолданылмайды.
2. Тараптың өзi де, екiншi тарап та мiндеттеменi орындауға жауап бермейтiн мән-жайдан тарап мiндеттеменi орындай алмайтын ретте, егер заңда немесе шартта өзгеше көзделмесе, бiр тараптың екiншi тараптан мiндеттеменi орындауды талап етуге құқығы жоқ. Бұл орайда мiндеттеменi орындаған әрбiр тарап орындалғанды қайтаруды талап етуге құқылы.
3. Борышқор несие берушiнiң әрекеттерi кiнәсiнен мiндеттеменi орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда несие берушiнiң одан мiндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.

375-бап. Мемлекеттiк органның құжаты негiзiнде
мiндеттеменiң тоқтатылуы

1. Егер жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың құжат (жария құжат) шығаруы салдарынан мiндеттеменi толық немесе iшiнара орындау мүмкiн болмаса, мiндеттеме толық немесе тиiстi бөлiгiнде тоқтатылады. Осының салдарынан залал шеккен тараптар осы Кодекске сәйкес олардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
2. Мiндеттеменiң тоқтатылуына негiз болған жария құжат белгiленген тәртiп бойынша жарамсыз деп танылған жағдайда, егер тараптардың келiсiмiнен немесе мiндеттеменiң мәнiнен өзгеше жағдай туындамайтын болса және мiндеттеменiң орындалуына несие берушiнiң мүдделiгi жоғалмаса, мiндеттеме қайтадан қалпына келтiрiледi.

376-бап. Азаматтың қайтыс болуымен мiндеттеменiң
тоқтатылуы

1. Егер мiндеттеменi орындау борышқордың жеке өзiнiң қатысуынсыз жүргiзiлмейтiн болса не мiндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса, борышқордың қайтыс болуымен мiндеттеме тоқтатылады.
2. Егер мiндеттеменi орындау несие берушiнiң жеке өзiне арналса, не мiндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса, несие берушiнiң қайтыс болуымен мiндеттеме тоқтатылады.

377-бап. Заңды тұлғаның таратылуымен мiндеттеменiң
тоқтатылуы

1. Таратылған заңды тұлғаның мiндеттемесiн орындау заңдармен басқа заңды тұлғаға (азаматтың өмiрi мен денсаулығына зиян келуi салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша) жүктелген жағдайлардан басқа реттерде, мiндеттеме заңды тұлға (борышқор немесе несие берушi) таратылғанда тоқтатылады.
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қызметiн тоқтату немесе оларды қайта құру осы органдар орындамаған мiндеттемелердi тоқтатуға әкелiп соқтырмайды. Егер тиiстi органдардың қызметiн тоқтату немесе оларды қайта құру туралы шешiмде міндеттемені орындау жүктелетін өзге мемлекеттік орган айқындалмаған болса, көрсетiлген мiндеттемелердi орындау қарамағында бюджет қаражаты бар органға жүктеледi.
Ескерту. 377-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бөлiмше. Шарт туралы жалпы ережелер

22-тарау. Шарт ұғымы және оның ережелері

378-бап. Шарт ұғымы

1. Екi немесе одан көп адамның азаматтық құқықтар мен мiндеттердi белгiлеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келiсiмi шарт деп танылады.
2. Шартқа осы Кодекстiң 4-тарауында көзделген екiжақты және көпжақты мәмiлелер туралы ережелер қолданылады.
3. Екiден көп тараптармен жасалатын шарттарға (көпжақты шарттар), егер бұл осындай шарттардың көпжақтылық сипатына қайшы келмесе, шарт туралы жалпы ережелер қолданылады.

379-бап. Шарттан туындайтын құқықтық қатынастар

1. Шарттан мiндеттемелiк, заттық, авторлық немесе өзге құқықтық қатынастар туындауы мүмкiн.
2. Шарттан туындаған мiндеттемелерге, осы тараудың ережелерiнде және осы Кодексте аталған шарттардың кейбiр түрлерi туралы ережелерiнде өзгеше көзделмегендiктен, мiндеттемелер жөнiндегi жалпы ережелер қолданылады (осы Кодекстiң 268-377-баптары).
3. Шарттан (бiрлескен қызмет туралы шарт, құрылтай шарты, авторлық шарт және басқалар) туындайтын заттық, авторлық немесе өзге де құқықтық қатынастарға, егер заңдардан, шарттан немесе құқықтық қатынастардың мәнiнен өзгеше туындамаса, осы тараудың ережелерi қолданылады.

Бап. Шарт еркiндiгi

1. Азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi. Осы Кодексте, заң құжаттарында немесе өз еркiмен қабылдаған мiндеттемеде шарт жасасу мiндетi көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берiлмейдi.
2. Тараптар заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алады.

Бап. Аралас шарт

Тараптар заңдарда көзделген түрлi шарттардың элементтерi бар шарт жасаса алады (аралас шарт). Тараптардың аралас шарт бойынша қатынастарына, егер тараптардың келiсiмiнен немесе аралас шарттың мәнiнен өзгеше туындамаса, аралас шартта элементтерi бар шарттар туралы заңдардың тиiстi бөлiктерi қолданылады.

382-бап. Шарт жағдайларын анықтау

1. Тиiстi шарттың мазмұны, заңдармен жазылған жағдайлардан басқасында, шарт ережелерi тараптардың өз қалауы бойынша белгiленедi.
Шарттың ережесi заңдарға сәйкес қолданылатын қалыппен көзделген реттерде, егер тараптардың келiсiмiмен өзгеше (диспозитивтiк қалып) белгiленбесе, тараптар өздерiнiң келiсiмдерiмен қалыптың қолданылуын жоя алады немесе сол қалыпта көзделгеннен өзгеше жағдайды белгiлей алады.
2. Егер шарттың ережесiн тараптар немесе диспозитивтiк қалып белгiлемеген болса, тиiстi жағдайлар тараптардың қатынастарында қолданылатын iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтармен белгiленедi.

383-бап. Шарт және заңдар

1. Шарт тараптар үшiн оны жасасу кезiнде қолданылып жүрген заңдармен белгiленген мiндеттi ережелерге (императивтiк қалыптарға) сәйкес келуге тиiс.
2. Егер шарт жасалғаннан кейiн шарт жасалған кезде қолданылып жүрген ережелерден өзгеше, тараптар үшiн мiндеттi ережелер заңдармен белгiленген болса, жасалған шарттың ережелерi оның күнi бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылады деп заңдармен белгiлегендегiден басқа жағдайларда, өз күшiн сақтайды.

384-бап. Ақылы және ақысыз шарт

1. Шарт бойынша тарап өз мiндеттемелерiн орындағаны үшiн ақы алуы немесе бiр-бiрiне бiр нәрсе беруi керек болса, бұл ақылы шарт болып табылады.
2. Бiр тарап екiншi тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бiр нәрсенi ұсынуды мiндетiне алған шарт ақысыз шарт болып табылады.
3. Егер заңдардан, шарттың мазмұнынан немесе мәнiнен өзгеше туындамаса, шарт ақылы болуы мүмкiн.

385-бап. Баға

1. Шарттың орындалуы тараптардың келiсiмiмен белгiленген баға бойынша төленедi.
Заң құжаттарында көзделген жағдайларда оған уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдар белгiлейтiн немесе реттейтiн баға (тарифтер, бағалар, ставкалар және т.б.) қолданылады.
2. Шарт жасалғаннан кейiн бағаны өзгертуге шартта, заң құжаттарында көзделген реттер мен жағдайларда немесе заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша жол берiледi.
3. Ақылы шартта баға көзделмеген және шарт ережелерiн негiзге ала отырып оны анықтау мүмкiн болмаған реттерде шартты орындау шарт жасасу кезiнде осыған ұқсас жағдайларда әдетте осы сияқты тауарлар, жұмыс немесе қызмет үшiн алынатын баға бойынша жүргiзiлуге тиiс деп есептеледi.

386-бап. Шарттың қолданылуы

1. Шарт оны жасасқан кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болып табылады (осы Кодекстiң 393-бабы).
2. Тараптар өздерi жасасқан шарттың ережелерi олардың шартты жасасуға дейiн пайда болған қатынастарына қолданылатындығын белгiлеуге құқылы.
3. Егер заңдарда немесе шартта шарттың қолданылу мерзiмi көзделсе, осы мерзiмнiң аяқталуы, шарт бойынша тараптар мiндеттемелерiнiң тоқтатылуына әкелiп соқтырады.
Қолданылу мерзiмi көрсетiлмеген шарт тараптардың онда белгiленген мiндеттемелердi орындауы аяқталып бiткен кезге дейiн қолданылады деп танылады.
4. Шарттың қолданылу мерзiмiнiң аяқталуы тараптарды осы мерзiм бiткенге дейiн орын алып келген шартты бұзғандық үшiн жауапкершiлiктен босатпайды.

Бап. Жария шарт

1. Коммерциялық ұйыммен жасалған және өз қызметiнiң сипатына қарай оған өтiнiшпен келетiн әркiмге қатысты жүзеге асырылатын тауарларды сату, жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету жөнiндегi оның мiндеттемелерiн белгiлейтiн шарт жария шарт деп танылады (бөлшек сауда, көпшiлiк пайдаланатын көлiкпен тасымалдау, байланыс қызметiн көрсету, энергиямен қамтамасыз ету, медицина, мейманхана қызметiн көрсету және т.б.).
Коммерциялық ұйымның заңдарда көзделген жағдайлардан басқасында, жария шарт жасасу жөнiнде бiреуге басқалардан артықшылық жасауға құқығы жоқ.
2. Тұтынушылардың кейбiр категорияларына жеңiлдiк беру заңдармен жол берiлетiн жағдайларды қоспағанда, тауарлардың, жұмыс пен қызметтiң бағасы, сондай-ақ жария шарттың өзге ережелерi тұтынушылардың бәрiне бiрдей болып белгiленедi.
3. Тұтынушыға тиiстi тауарлар (жұмыс, қызмет) ұсыну мүмкiншiлiгi бола тұра коммерциялық ұйымның жария шарт жасасудан бас тартуына жол берiлмейдi.
Коммерциялық ұйым жария шарт жасасудан негiзсiз жалтарған жағдайда осы Кодекстiң 399-бабындағы 4-тармақта көзделген ережелер қолданылады.
4. Заң құжаттарында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметi жария шарттарды жасау және орындау кезiнде тараптар үшiн мiндеттi ережелер (үлгi шарттар, ережелер және т.б.) шығаруы мүмкiн.
5. Жария шарттың осы баптың 2 және 4-тармақтарында белгiленген талаптарына сәйкес келмейтiн ережелерi жарамсыз болып табылады.
Ескерту. 387-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.

388-бап. Шарттардың үлгi ережелерi

1. Шартта оның кейбiр ережелерi осындай шарттар үшiн әзiрленген және баспада басылып шыққан үлгi ережелермен белгiленетiнi көзделуi мүмкiн.
2. Шарттың мазмұнында үлгi ережелерге сiлтеме болмаған жағдайларда, осындай үлгi ережелер, егер олар осы Кодекстiң 3 және 382-баптарымен белгiленген талаптарға сай келетiн болса, тараптардың қатынастарына iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтар ретiнде қолданылады.
3. Үлгi ережелер үлгi шарт немесе мазмұнында осы ережелер бар өзге құжат нысанында жазылуы мүмкiн.

389-бап. Қосылу шарты

1. Ережелерiн тараптардың бiреуi формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда белгiлеген және басқа тарап оны ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолы деп қабылдай алатын шарт қосылу шарты деп танылады.
1-1. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамалық актісінде қосылу шартын жасасу ерекшеліктері және оның мазмұнына қойылатын талаптар көзделуі мүмкін.
2. Егер қосылу шарты заңдарға қайшы келмегенiмен, бұл тарапты осындай шарттар бойынша берiлетiн құқықтардан айыратын болса немесе мiндеттеменi бұзғаны үшiн басқа тараптың жауапкершiлiгiн жоятын немесе шектейтiн болса не қосылған тарап үшiн онда анық қиындық келтiретiн, шарттың талаптарын белгiлеуге қатысатын мүмкiндiгi болып тұрғанда өзiнiң ақылға қонымды түсiнiлетiн мүдделерiн негiзге ала отырып қабылдамай-ақ қоятын талаптары болса, шартқа қосылған тарап шартты бұзуды талап етуге құқылы.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген мән-жайлар болған кезде, өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыруына байланысты шартқа қосылған тараптың шартты бұзу туралы қойған талабы, егер қосылған тарап шарттың қандай жағдайларда жасалғанын бiлсе немесе бiлуге тиiс болса, қанағаттандырылуға жатпайды.
Ескерту. 389-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-12-03; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 849 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Наглость – это ругаться с преподавателем по поводу четверки, хотя перед экзаменом уверен, что не знаешь даже на два. © Неизвестно
==> читать все изречения...

1639 - | 1308 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.012 с.